Рухани Жаңғыру
Бізге 200 жыл!
Сыр - Алаштың анасы
Туған күніңмен, Қызылорда!
Сыр елім - Жыр елім Қызылорда
Сыр сұлуы - Қызылордам

«Рухани жаңғыру» құндылықтарды жаңғыртады

   Төрт аяғын тең басқан өркениетті ел болудың алғашқы адымы кешегі күні кім болғаныңды боямасыз бейнелейтін, өткеннен белгі бейнелеп берген ұлттық құндылықтар мен тарихи мұралар арқылы қалыптасады. Ел болып ірге қадаған сәттен бастап тіршілікпен біте қайнасқан құн­дылықтар заман өтіп, дәуір өзгерсе де жаңғырып, жаңарып отыруы керек. Бұл ұлтқа қажет сал­мақты міндетті орындау атқамінерлердің жауап­ты орында отырған қызметімен емес, тұтас ұлттың бірлігімен іске асады. Себебі кешегі өткен тарих, алыста қалған мол мұралар арқылы қайта салмақтап, саралайтын уақыт жетті. Осы себепті де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өрлеу жолын­дағы әрбір қадам өткен күндердің бастамасымен іске асатынын айтып, "Рухани жаңғыру" ұлттық бағдарламасын бекітті. Міне, күні бүгінге дейін ел арасында руханияттың қайта жаңғырып, сананы жаңа деңгейге көтеретін ұлттық бағдарламаның мәні мен маңызы жете түсін­діріліп, көнеден керуен тартқан ұлттық мұралар мен тасада қалған жәдігерлердің жұмбағы ашылып, бүгінгі ұрпаққа жетіп жатыр.
   Расында әркімнің таным-түсінігі, қабылдау мәдениеті әртүрлі. Ел арасында "рухани жаңғыру" идеясын кешегіні қазбалап, ұмыт болған дүниелерді жаңғырту деп ұғыну жатса, өткен мен бүгіннің сабақтастығы деген ойдың да қылаң бергені жасырын емес. Ал, осы елдік идеяны іске асыруда әрбір аймақтың өзіне тән тарихы мен мәдениеті, дәстүрі мен ұстанымы толықтыра түседі. Ел есінде болар, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы "Рухани жаңғырудан Сыр өңірі алда болуы тиіс. Себебі киелі Сыр шаһарында тарихқа тұнық көне орындар мен жәдігерлердің қоры мол" деген-ді.
   Сырдың кешегісіне үңіліп, тарихына терең бойласаң, талай тарихи оқиғалар мен құпиясын ішіне бүккен көне орындар жетіп артылады. Бұл өз кезегінде тарихшы-ғалымдардың зерттеу-еңбектеріне арқау болып та жүр. Осынау мол мұралардың қалпын бұзбай, бүгінге дейін жетіп, насихаттау мақсатында Сыр елінде "Рухани жаңғыру" орталығы ашылды. Жыл жаңалығы бол­ған орталық Сырдария өзенінің сол жаға­лауынан бой көтерілетін Қазақ Орталық Атқару комитетінің (КазЦИК) тарихи ғимараты үлгі­сіндегі музеймен бірге аймақтық "Рухани жаң­ғыру" орталығы қатар орналасатын болады. Қазір ғимарат құрылысы аяқталу үстінде. Әйткенмен, орталық жұмысын жандандыру жұмыстары бү­гіннен басталып кетті. Жалпы, "Рухани жаңғыру" орталығының мақсат-міндеті, келешекте қолға алатын жобаларын тереңірек білу мақсатында біз "Рухани жаңғыру" орталығының "Атамекен және ақпарат толқыны" бөлімінің жетекшісі Гүлмира Әшірбековадан сұрап білген едік.
   Біреу білер, біреу білмес, аймақта "Рухани жаңғыру" орталығы ашыламын дегенше Прези­дент Әкімшілігі жанынан "Рухани жаңғыру" жо­балық офисі құрылған. Көп ұзамай бұл аймақ­тарда ашылып, түрлі бағыттарда жұмыс атқарып келді. Ал, жаңадан бой көтерген "Рухани жаң­ғыру" орталығы осы міндеттерді толық орындау, нақты нысаналы жобаларды жүзеге асыратын арнайы алаң болмақ. Бүгінде орталық 4 негізгі бағытта іс жүргізеді. Айталық, "Тәрбие және білім" бөлімі білім беру ұйымдарын, отбасы және басқа да институттардың тәрбие мен оқытудың күшін жұмылдыру арқылы ұлттық жүйені дамытуға күш салады. Ал, "Рухани қазына" бөлімі Қазақстан­ның киелі жерлері, салт-дәстүрлері мен ескі тарихи орындарын бүгінгі көзқараспен зерттеу­мен айналысады. Мұнымен қатар, көне тарихи орындарды жаңғырту, мәдени іс-шаралар өткізуді мақсат тұтады. Үшінші бағыт "Атамекен" бөлімі азаматтардың белсенділігін арттыруға екпін беретін жобалар мен қайырымдылық шаралар, әлеуметтік бастамаларға қолдау білдіреді. Ал, "Ақпарат толқыны" бөлімі орталық аясында қолға алынған жұмыстарды көпшілікке насихаттау, "Қазақстанның киелі жерлер географиясы" туралы бейнероликтер түсіріп, бұқарамен бай­ланыс орнатпақ.
   «Рухани жаңғыру» орталығының жұмысын жүйелі етуге аймақ басшысының өзі ықылас білдіріп отыр. Орталықтың бөлім жетекшілерімен кездесіп, нақты ұсыныстарын сұрап, орталықтың басты басымдықтарына қолдау білдірген. Нәтижесінде, әртүрлі бағытты қамтитын 33 жоба мақұлданған. Оның ішінде аймақта бұрын-соңды болмаған «Ұлттық ойындар паркі» жобасы да бар. Қазақтың кешегісін көзге әкелетін ұлттық ойындар дәстүрлер дәріптеліп, қолөнер көрмелерін бір ортаға тоғыстыратын ұлттық парк қаланың даму дидарын ашып қана қоймайды, қазақтың арғы тарихын көз алдына әкелетін демалыс аймағы болмақ. Өзге де жобалар мен нысандар ел игілігіне бағытталған тұста қайта айналып тоқталармыз.
   «Мақсат айқын. Енді тек соны іске асырудың тетіктерін ойластыру үстіндеміз» дейді орталық мамандары. Өткенге сөз салсақ, Сыр топырағына келіп, ағарту бағытында қызмет атқарған Алаш арыстарының еңбектері де дәл осы Қызылордада жарық көрген. Осы себепті орталық мамандары жақын арада «Алаш қайраткерлерінің Ақмешіт кезеңі» атты анықтамалық-энциклопедиясын шығармақ. Мұнан бөлек, Қызылорда қаласының 200 жылдық жылнамасын түгел қамтитын тайм-лайн бағдарламасы негізінде сенсорлық мәліметтер енгізуді, музейлер ішіне электронды QR код арқылы ескі қалаларды айшықтайтын мәліметтер базасын жасақтамақ.
  - «Рухани жаңғыру» орталығының әрбір жұмысы тек сөз жүзінде немесе дабыра күйінде қалып қоймайды. Бұл үшін тарихты терең білетін тарихшы-ғалымдар, мәдениет пен өнердің жолын түсінетін өнер жана-шырлары, белсенді азаматтармен бірге жүзеге асырмақпыз. «Рухани жаңғыру» орталығы халықтың емін-еркін кіріп, байланыс құратын, өткен мен бүгіннің арасын таразылауға сеп болатын ортақ алаң болмақ,-дейді Гүлмира Әшірбекова.
  «Рухани жаңғыру» орталығында іске асатын жұмыстар мұнымен бітпейді. Биыл Қызылорда қаласының 200 жылдың мерейтойы аясында да «Сыр бойының сокралды ескерткіштері» альбомы, алғаш ірге қадаған театрдың жаңа қойылымдары, Қызылорданың мәдени ескерткіштері мен жәдігерлері, көне тарихи орындардың тарихи бедерленген ақпараттық сенсорлық карталар әзірленіп, көпшілікке ұсынылады. Тарихи орындарға экскурсиялар мен көне орындардың мұраларын зерттеу де биылғы жылдың еншісіне тиеді.
Тізе берсе, атқарылар жұмыстар ауқымды. Біз өз тарапымыздан өңірде тарихи-танымдық туризмді дамытудың жоспары жасалынып, жүйелі түрде жүзеге асыратын кездің келгенін айтар едік. Аралдан Жаңақорғанға дейінгі аймақта қаншама тарихи-мәдени ескерткіштер мен зиярат жасау орындары бар. Тарихи жәдігерлерімізді жаңғыртатын және оларды туризмнің көзіне айналдыратын уақыттың туғанын еске салғанымыз артық болмас.
  Қалай десек те, рухани жаңғырудың өзегі Қызылорда шаһарының 200 жылдың тамырлы тарихымен сабақтастырылып тұрған шақта «Рухани жаңғыру» орталығының көпке берері мол болуы тиіс. Тарих пен дінді, ұлт пен елді, мәдениет пен өнерді бүгінгімен бейнелеп, өткеннен өнеге алардай тағылым қалдыру «Рухани жаңғыру» орталығының темірқазықтай ұстанар бағыты бола бермек.

Абай ТАҒЫБЕРГЕН
18 қыркүйек 2018 ж. 1 818 0

Күнтізбе

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

Сауалнама

Сайттың жұмысын қалай бағалайсыз?