СЫР ТӨРІНДЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОҚУШЫЛАР АЙТЫСЫ ӨТТІ
Бүгін Балалар жылына тарту ретінде Сыр төрінде республикалық оқушылар айтысы ұйымдастырылды. «Көктем нұры» атауымен айшықталған дода әз-Наурыз мерекесінің ажарын ашты.
Айтысқа еліміздің 5 өңірі мен Қызылорда қаласы және Сырдария, Шиелі аудандарынан келген 10 айтыскер бақ сынады.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова айтыстың алқасын қыздырып, сөз додасына түскен жас ақындарға қолдау білдірді.
Сөздің құны жоғары қойған жас ақындардың сөз додасына белгілі айтыскер ақын, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Бекарыс Шойбеков, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, Сыр сүлейі Мұхтар Ниязов және белгілі жыршы-термеші, халықаралық конкурстарының лауреаты, халықаралық ақын-жыраулар Одағының мүшесі Амандық Бүрлібаев төрелік етті.
Байқау қорытындысымен халық ақыны Манап Көкенов атындағы бас жүлде мен ақшалай сыйлық қызылордалық Мейіржан Қартбайға табысталды.
І орын маңғыстаулық Ерсұлтан Аушановқа, ІІ орын шиелілік Әмірхан Эльдарға бұйырды. Сондай-ақ, Тараз қаласының тумасы Алихан Яшар мен ақтөбелік Нұрадин Арай ІІІ орынды өзара бөлісті.
Мұнан бөлек, арнайы номинация жеңімпаздарына 100 мың теңгеден 5 жүлде табысталды.