ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ САЛАСЫНДА - ЭЛЕКТРОНДЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ
Қазіргі таңда заман талабына сай мемлекеттік қызмет түрлеріне қолжетімділікті арттыруға бағытталған игі бастамалар жүзеге асырылып келеді.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы № 301 бұйрығымен Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету жөніндегі қағидалар бекітілді. Осы Қағидалармен мемлекеттік қызметтің 6 түрі толық электрондық түрге ауыстырылды.
Электронды мемлекеттік қызмет көрсетудің негізгі құралы электронды үкімет порталы немесе электрондық лицензиялау (www.elicense.kz).
Мемлекеттік қызметті электрондық түрде алу үшін көрсетілетін қызметті алушыға электрондық цифрлық қолтаңбаны алу, сондай-ақ «электрондықүкіметтің» веб-порталында (www.egov.kz) немесе электрондық лицензиялауда (www.elicense.kz) тіркелу қажет.
Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсетудің тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты «электрондықүкіметтің» веб-порталындағы «жеке кабинеті» арқылы қашықтықтан қолжеткізу режимінде, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету мәселесі жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға мүмкіндігі бар.
Мемлекеттік қызмет алуға электронды өтінім беру үшін ЭҮП бойынша сілтемеге кіру қажет. Бұдан әрі ЖСН арқылы пайдаланушының жеке кабинетіне кіру іске асырылады. Қызметтер бөлімін таңдау бөлігінде қажетті тармақ таңдалады. Бұдан әрі барлық әрекеттер нұсқауға сәйкес рет-ретімен орындалады. Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі көрсетілетін қызметті алушының «жеке кабинетіне» көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылған электрондық құжат нысанында жіберіледі.
Өз кезегінде, Қызылорда қаласы әкімдігінің «Қызылорда қаласының жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан 2021 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша – барлығы 2411 жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызметтер көрсетілді. Оның ішінде, қызмет көрсетушінің кеңсесі (құжаттама бөлімі) арқылы 775 тұлғаға; «Электронды үкіметтің» веб-порталы арқылы – 1636 қызмет көрсетілді.
Сонымен қатар, осы бағыттағы іс-шараларды іске асыру мақсатында мекеме ғимаратында «Өзіне-өзі қызмет көрсету» бұрыштары ашылып, тұрғындарға қажетті қызметтерді өзбетінше электронды түрде алу мүмкіндіктері қарастырылған.
Мемлекеттік қызметті электрондық түрде алудың тиімділігі:мемлекеттік қызметті алумен байланысты ақпаратты алудың қолжетімдігінде; мемлекеттік қызмет алу рәсімін оңайлатуда; мемлекеттік қызметті алумен байланысты уақытша шығындарды кемітуде; азаматтың өтініші бойынша жұмыстың әркезеңінде оның хабардарлығында; мемлекеттік қызметті көрсету туралы өтінішті үй немесе жұмыс компьютерінен беру мүмкіндігінде; электрондық құжатайналым жүйесін енгізу салдарынан бюрократтық сымдарды жоюда; көрсетілетін қызметті берушімен жеке қатынасу кезінде пайда болатын жемқорлық тәуекелдерді азайтуда.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мен тиімділігін арттыру мақсатында азаматтық белсенділікті танытып Жер қатынастары саласында мүмкін болатын «Электронды үкімет» (e.gov) веб-порталы немесе электрондық лицензиялауда (www.elicense.kz) арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алуға шақырамыз.
«Қызылорда қаласының жер
қатынастары бөлімі» КММ
бас маманы Ә. Жалмағанбетова