Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаевтың 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтауы
Баршаңызды балаларды қорғаудың халықаралық күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Балалы үйді базарға теңеген бабалар сөзін санада сақтаған біздің жұртымыз әрқашан өмір бақытын бала бақытынан, қуанышынан тауып, әрдайым перзентінің амандығын тілеп, жетістігіне марқайып отыратындығын білеміз. Бүгінде біздің елімізде балғындарымыздың білім алуына, спортпен шұғылданып, түрлі қабілеттерін шыңдауына, демалыстарын тиімді өткізуіне барлық жағдай қарастырылған. Әр сәбидің амандығы, бөбектеріміздің денінің саулығы да мемлекетіміздің басты назарында.
Елдің ертеңіне, болашағына баланған балғындардың бейбіт күнде қауіпсіз өмір сүруі, әр күнін шаттыққа толы өткізуі бүгінгі аға буынның, қоғамның алдында тұрған әуелгі міндеттердің бірі. Бұл ретте Қызылорда қаласында балалардың қауіпсіз қоғамда тәрбиеленіп, қауіпсіз ортада өсуін ұйымдастырып, келешек елдің тұтқасын ұстар ұрпағымыздың жарқын болашағы үшін барлық жағдай жасала беретіндігін жеткізгім келеді.
Құрметті бүлдіршіндер!
Біз үшін яғни әрбір ата-ана үшін бұл өмірдің бақыты сәбилерінің мейірімге бөленіп, риясыз күлгенін, олардың бақытты жүздерін көру. Өмірімізге әр беріп, мәнін кіргізген, көңілімізге қуаныш сыйлаған балғындарға айтар тілегім дендеріңіз сау болсын! Әрдайым ата-аналарыңызды қуантып, білім алып, еліміздің жарқын болашағына айналыңыздар.
Баршаңызға бақытты балалық тілеймін!