ҚАЛА ӘКІМІ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Бүгін қала әкімі Ғанибек Қазантаев қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев және мәслихат депутаттарымен бірге шаһар іргесіндегі Қосшыңырау, Қарауылтөбе, Қызылжарма ауылдық округтеріне барып, ауыл халқымен кездесіп, тұрғындармен тілдесті.
Басшылық қызметке келгеніне аптаның жүзі болған қала әкімі елді-мекендердің әл-ауқаты мен тұрмыс тіршілігін көзбен көріп, жалпы ахуалмен танысты. Жиында ауыл әкімдері елді-мекендердің экономикалық көрсеткіштері, кәсіпкерлік саласының дамуы, салық түсімі, қоғамдық саяси ахуалы туралы хабарлама жасап, жұмыс жоспарларын да ортаға салды.
Келелі жиынға келген ауылдықтардың айтар уәжі меy талап-тілектерін, пікірлерін мұқият тыңдап, алда атқарылар бірқатар жұмыстарды талқылаған қала әкімі бұған дейін ел басқарған азаматтардың жұмысын сәтті жалғап, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, дамыту бағытында тұрғындармен бірлесіп, ақылдасып, жүйелі жұмыстарды жүргізетіндігін жеткізді. Сонымен қатар ауылдардағы Қоғамдық кеңестің жұмысын тиімді ұйымдастыру керектігін ерекше атап өтіп, қала іргесіндегі көпшілікті кәсіпкерлікке көбірек көңіл бөлуге шақырды.
Өз кезегінде жаңа әкімді жылы қарсы алған ауыл халқы Ғанибек Қонысбекұлының алда атқарар жұмыстарына сәттілік тілеп, әлеуметтің әлеуетін арттырар ауқымды жобаларды қолға алатындығына сенім білдіретіндіктерін жеткізіп, ақ батасын берді.