НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ АТАЛЫП ӨТТІ
Бүгін, А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде қала әкімінің орынбасары Есжанов Асқарбек Темірбекұлының қатысуымен Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесіне орай «Әз Наурыз берекенің ақ бесігі» атты мерекелік шара өтті.
Дәстүрді ұлықтау мақсатында мәдени шара зергерлік бұйымдар, түрлі қолөнер туындылары қойылған көрмемен бастау алды.
Бұдан бөлек, Қарауылтөбе ауылының ісмерлері келген қауымға қазақтың сәндік-қолданбалы өнері - жүн сабау, киіз басу, көрпе көктеудің қыр-сырларымен бөліссе, ұлттық нақышта әндеткен Қызылжарма ауылдық клубы жанынан құрылған «Қуаныш» әжелер ансамблі ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.
Шараға арнайы қатысқан қала әкімінің орынбасары Асқарбек Темірбекұлы барша қызылордалықтарды Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуын тіледі.
Мерекелік шара бимен көркемделген театрландырылған қойылымға және «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі мен жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.
Аталған шара алдағы уақытта қызылордалықтарға youtube арнасы арқылы ұсынылатын болады.