Қала әкімі Н.Нәлібаевтың 1 наурыз – Алғыс айту күнімен құттықтауы
Құрметті жерлестер!
Қадірлі қызылордалықтар!
Тірлігі басқа болса да тілегі бір қазақстандықтардың ортақ мерекесіне айналған бұл күннің маңызы мен мәнін барлығыңыз жақсы білесіздер. Бүгінгі мереке қысқа мерзім ішінде Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күні. Пейілі кең, көңілі дархан бауырмал жұртымызға тағдыр тезімен қазақ даласына табан тіреген көптеген этнос өкілдерінің қиналғанда құшақ ашып, бір шаңыраққа сыйдырғаны үшін алғыс айтатын күні. Қала берді кішінің үлкенге, баланың әкеге, анаға, шәкірттің ұстазға алғыс айтар мерекесі.
Түптеп келгенде мереке алғыс айтумен шектелмейді. Бұл күні ұлт тарихы мен мемлекеттің жүріп өткен жолы жаңғырып, жас ұрпаққа өнеге етіп айтылады. Бір-бірімізге деген құрметіміз бен сыйластығымыз артып, тұтастығымыз нығаяды.
Бейбітшілік пен келісім салтанат құрған, бірлігі мен берекесі жарасқан еліміздің, құт қонған киелі мекеніміздің дамуына, ерлік пен еңбектің ерен үлгісін көрсеткен, көзге көрінбесе де Сыр елінің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген жандарға ризашылығымызды білдіреміз.
Сондай-ақ, әлемді әбігерге салған коронавирус пандемиясы кезінде тыным таппай, тыныс алмай жұмыс істеген ақ халатты абзал жандарға, қиын кезеңде жомарт жүрегімен көпке көмек қолын созған кәсіпкерлерге, індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген ерікті азаматтарға алғысымды айтамын.
Бейбітсүйгіштігімен күллі әлемге үлгі болған еліміздің ішкі ауызбіршілігінің сақталып, тұрақты дамуына атсалысқан, бауырмал болмысымен танылған барша тұрғындарға айтар алғысым шексіз.
Бір-бірімізге деген алғысымыз шынайы, көңіліміз кіршіксіз, бірлігіміз бекем, тірлігіміз түзу болғай!
Алғыс айту күні тағы да құтты болсын ардақты ағайын!
Ізгі ниетпен,
Қызылорда қаласының әкімі
Н.Нәлібаев