ЖАҢАРҒАН АРБАТТАҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР
Жаңа арбатқа 3 субұрқақ салынып, 18 кіші архитектуралық форма орнатылады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов шаһардағы абаттандырылып жатқан нысандарды аралау барысында айтты.
Ел аузында арбат аталып жүрген Ы.Жахаев көшесін жаңғырту өткен жылдың аяғында басталды. Қазір кеспе тас төсеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ендігі ретте арбаттың сәнін ашып, қала тұрғындарына қолайлы демалыс орнын қалыптастыру мақсатында субұрқақтар салынбақ. Сонымен бірге сәнді архитектуралық формалар, жаңа орындықтар, жаңарған түнгі жарық шамдар орнатылады.
«Бұл жұмыстардың барлығы көктем айларында аяқталып, жаңарған арбатта ел емін еркін серуен құра алатын болады» - деген, Асқарбек Темірбекұлы көше бойындағы көгалдандыру жұмыстары да назардан тыс қалмағандығын ерекше атап өтті. Айтуынша көше бойын аяқ сумен қамту үшін тамшылатып суару әдісі қолданылмақ.
Сондай-ақ архитектуралық келбетімен арбаттың ажарын айшықтай түскен «Nur Otan» партиясының қалалық филиалының ғимараты да жақын күндері пайдалануға берілетіндігін жеткізді.
Одан әрі Әйтеке би көшесіне барып, абаттандыру жұмыстарының жүргізілу барысын көрген Асқарбек Темірбекұлы соңғы уақытта әлеуметтік желіде тұрғындардың қызу талқысына түскен көшені арбатқа айналдыру мәселесіне тоқталды. «Әйтеке би көшесінде 5 мелекеттік мекеме, 60-тан аса кәсіпкерлік нысан орналасқан. Көшені арбатқа айналдыру осы нысандардың жұмысына айтарлықтай кедергі келтіреді. Қала орталығындағы күре жолдың бірін жабу көлік қозғалысын да қиындатпақ. Біз осы жағдайларды ескеріп, зерделей келе көшені арбатқа айналдырмауға шешім қабылдадық» - деді, қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов.