ҚЫЗЫЛОРДА: ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУДЕГІ ЕЛ ТІЛЕГІ ҚАНДАЙ?
Қызылорд қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өткен жылды қорытындылап Қарауылтөбе және Ақжарма ауылдық округі тұрғындарының алдында онлайн форматта есеп берді.
Ауылдықтарға қаланың әлеуметтік ахуалын баяндап, жыл көлемінде қол жеткізген жетістіктерін, жоғары көрсеткіштерін жеткізген шаһар басшысы, елді мекендерде атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталды.
Қала басшысы баяндамасының соңында биылғы жылдың жоспарларын да сөз етіп, екі ауылдың әлеуетін арттыруға бағытталған бастамаларды да атап өтті.
Есептік кездесудің реттілігі бойынша шаһар басшысы сұрақ-жауапта алдымен қарауылтөбелік қауымның сауалдарына құлақ түріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
2020 жылы ауылда ауыз су мәселесі толығымен шешіліп, негізгі көшелері жөндеуден өтті. Ендігі елдің сұрауы түнгі жарықтандыру мәселесі. Қарауылтөбеде ағымдағы жылы Желтоқсан көшесі орташа жөнделіп, А.Иманов және Ж.Әбдіхалықов тұйықтарына тас төселеді деген қала әкімі ауылдағы С.Байсейтов көшесін жарықтандыру да жоспарда барын атап өтті. Елді мекеннің аяқ су жайын реттеу үшін дизельді насос қондырғысы алынатындығын да жеткізді.
Ал өткен жылы қарқынды жүргізілген жол жөндеу жұмыстарының нәтижесінде бұл саладағы мәселесін толық шешуге мүмкіндік алған ақжармалықтар ауыз су жайын қозғады.
Қала әкімі бұл мәселеге қатысты жауабын былай жеткізді: «Ағымдағы жылы Ақжарма ауылдық округі Талдыарал елді мекеніне ауыз су және кәріз су желілері жүргізіліп, Қырман көшесі жарықтандырылады. Биылғы жоспардың негізгісі Баймұрат батыр ауылына дәрігерлік амбулатория салу» - деді.