ТАСБӨГЕТ КЕНТІНДЕ 2020 ЖЫЛЫ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРҒА ЕСЕП БЕРІЛДІ
1 ақпан күні Тасбөгет кентінің әкімі Семсер Сыздықов пен Тасбөгет полиция бөлімі бастығының орынбасары Қанат Мұхтаров жергілікті қоғамдастық пен тұрғындар алдында 2020 жылы атқарылған жұмыстардың қорытынды есебін берді.
Мемлекет Басшысының «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, өткен жылғы атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы міндеттерді айқындау мақсатында, қалыптасқан дәстүр бойынша С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде өткізілген есепті кездесуге кент тұрғындарымен қатар, қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов, қалалық мәслихат депутаты Жорабек Нұрымбетов, ардагерлер, қоғамдық кеңес мүшелері, сонымен қатар, қала және кентке қарасты мекеме басшылары қатысты.
Есепті кезеңде атқарылған жұмыстарға қатысушылар тарапынан оң баға беріліп, олардың қосымша ой-пікірлері мен кенттің әлеуетін арттыру, одан әрі дамыту бойынша ұсыныстары да тыңдалды. Өзекті проблемалар төңірегінде қойылған сұрақтарға сала басшылары тарапынан жауап берілді. Ал қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер қарауға қойылып, олардың орындалуы жөнінде тиісті хаттамалық тапсырмалар енгізілді.