⚜Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Жаңа 2021 жылмен құттықтауы
Сіздерді санаулы сәттен кейін төрімізге енетін Жаңа 2021 жылмен шын жүректен құттықтаймын!
Жаңа жыл – өткен жылға көз жүгіртіп, таразылайтын, жүріп өткен бір жылға баға беріп, жаңа бастамалар мен ізденістерге тың қадам жасайтын, жақсылыққа ұмтылатын, жаңаша ойлауға жол сілтейтін ерекше мереке.
Тарих қойнауына енгелі тұрған 2020 жылы ел болып қиын кезеңді бастан өткеріп, сынаққа толы сәттерден сүрінбей өтіп, барымызды бағамдап, асылымызды ардақтай түстік. Сыр халқының қиындыққа мойымай, ауызбіршілік пен татулықты сақтап, ынтымақты ырысқа, бірлікті берекеге ұластыра білгендігінің арқасында талай істе көптен көшіміз озып, өңір өндірісі өркендеп, өрісі кеңейіп, жаңа жылға мол жетістіктермен зор табыспен аяқ басқалы тұрмыз.
Жыл тоғысында «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» дегенді жиі айтамыз. Бұл Жаңа жылға үмітпен қарап, жағымды жаңалықтар күтетініміздің белгісі болса керек. Өтіп бара жатқан жыл ойда қалар оқиғаларымен, есте ұстар ерекшеліктерімен де қымбат.
Біз алдағы кезеңге ізгі үмітпен, ерекше пейілмен, жақсы ниетпен қадам басамыз. Әр жаңа жыл табалдырығында алдан жақсылық пен жаңалық күтеміз. Ендеше келер жылы сол ойымыздағы арман-тілегіміз жүзеге асып, бақ-берекеміз таси берсін. Жаңа жылда Сіздерге игілік пен ізгілік, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін!
Жаңа жыл еліміздегі әрбір шаңыраққа шаттық сыйлап, 2021 жыл бейбітшілік пен табыс жылы болғай.
Жаңа жылда жүздеріңізден қуаныш пен күлкі кетпесін, жүректеріңізге тек мейірім мен шапағат ұяласын.
Жақсылық пен жаңарудың жаршысы болған Жаңа жыл баршамызға құтты болсын, қымбатты жерлестер!
Ізгі ниетпен,
Қызылорда қаласының әкімі
Н.Нәлібаев