ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫ: ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІН САҚТАУ МАҢЫЗДЫ!
Бүгін қала әкімдігінің баспасөз орталығында жылу маусымы кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы бойынша брифингі болып өтті.
Брифингте БАҚ өкілдеріне қатты отынмен жылытылатын тұрғын үйлерде өрттердің және көмірқышқыл газымен улану оқиғаларының алдын алу жайлы мағлұмат берілді.
Жылу беру маусымы басталысымен көп жағдайларда қатты отынмен жылытылатын тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан өрт оқиғалары және жылу беру маусымына дайындық қарсаңында салғырттық таныту салдарынан көмірқышқыл газынан улану фактілері жиі орын алады.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы директорының бірінші орынбасары Ермек Қалдығұлов газбен жабдықтау жүйесіне қосылған абоненттерге газ тұтыну жүйелеріндегі түтін және желдету арналарын мезгілді тексеруден өткізіп, қауіпсіздік мақсатында «Газдану сигнализаторын» орнатуға кеңес берді.
Айта кету керек, қалалық төтенше жағдайлар басқармасы «Алау ГАЗ-Аймақ» ЖШС Қызылорда облысы бойынша филиалымен бірлесіп, қала әкімдігі ұсынған тізімге сәйкес қатты отынмен жылытылатын аз қамтылған отбасылардың моржаларын тазалау және көмірқышқыл газын анықтайтын датчиктер орнату жұмыстарын ақысыз негізде жүргізуде.
Өткен жылу беру маусымында тұрмысы төмен және аз қамтылған 198 отбасыға көмірқышқыл газын анықтайтын арнайы датчиктер орнатылды. Ал биылғы жылу беру маусымы қарсаңында 500 отбасыға датчиктер орнату жоспарланған.
Бұдан бөлек, өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері мен жастар ресурстық орталығының волонтерлары жұмылып, барлығы 2 мың 290 тұрғын үйге түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Аталған түсіндірме жұмыстары жылу беру маусымы аяқталғанға дейін жалғасын таппақ.
Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Жасұлан Түйменовтың айтуынша, қатты отынмен тұтанатын пештердің қауіпсіз болуы үшін моржаларын ай сайын тұрақты түрде тазалап, пеш есігінің алдына өлшемі кемінде 0,5х0,7 м. болатын металл қаңылтырларының төселуі тиіс.