ҚАЛА ӘКІМІ ХАЛЫҚ АЛҒЫСЫН ЖЕТКІЗДІ
Бүгін қала әкімдігінде пандемия кезіндегі қиын кезеңде алғы шепке шығып, қоғамның пайдасы үшін игі істер жасаған азаматтар марапатталды. Марапат биігінен көрінген жандарға Қазақстан Республикасы Президентінің «Халық алғысы» мерекелік медалі табысталды.
Халық алғысына түрлі салада қажырлы еңбек етіп, құрметке лайық қызмет атқарған, Сырдың жанашыр 12 азаматы бөленді. Ел алғысын арқалаған азаматтар қатарында білікті сала басшылары, белсенді жастардың көшбасшылары мен еңбек көрігінде есейген қарапайым жұмысшылар да бар.
Еңбегі еленіп, марапатқа ие болған жанның бірі Қызылорда жылу электр орталығының слесарі Серік Рамберлиев. Көп көзіне көрінбей тындырымды тірлік атқарып, табысты жұмыс жасаған Серік Дарханұлы «Бүгінгі марапаттың мәртебесі бәрінен биік, себебі халық алғысынан артық құрмет жоқ» - дейді.
Індетпен күресте тыным таппай, тыныс алмай залалсыздандыру жұмыстарына атсалысқан Қызылорда тазалығының дезинфекторы Денис Пятибратов та халық алғысына ие болды.Шарада шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев республика аумағында төтенше жағдай жарияланған шақта өз өмірлерін қауіпке тігіп, барлық сақтық шараларын сақтай отырып, бір кісідей жұмылып, аяқтан тік тұрып халыққа тікелей қызмет көрсеткен белсенді азаматтарға алғысын білдіріп, қала халқының ризашылығын жеткізді. Ел амандығы үшін қызмет еткен жандардың алдағы уақытта да белсенді азаматтық ұстанымдарын қаланың дамуына жұмсап, игі шаралардың бастамашысы болатынына сенім білдіріп, бүгінгі марапаттарымен құттықтап, алдағы байырқалы бастамаларына табыс тіледі.