Рухани Жаңғыру
Бізге 200 жыл!
Сыр - Алаштың анасы
Туған күніңмен, Қызылорда!
Сыр елім - Жыр елім Қызылорда
Сыр сұлуы - Қызылордам

МАҚСАТ – ХАЛЫҚ СЕНІМІН АҚТАУ

Әмірбек Бердібекұлы Шаймағамбетов - Қызылорда қаласы әкімінің кеңесшісі, ҚР Ішкі Істер органдарының құрметті қызметкері, запастағы полиция полковнигі.


   МАҚСАТ – ХАЛЫҚ СЕНІМІН АҚТАУ


         Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Полицияның халық санасындағы образы – ол мемлекеттің күштік құралы» деген ойдан арылып, шын мәнінде халыққа шынайы қызмет көрсететін, сервистік модельге көше отырып, азаматтардың қауіпсіздігі мен конституциялық құқығын қамтамасыз ететін органға айналуы қажет деген тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасының Ішкі Істер министрлігі басшылығы 2020 жылдың соңына дейін Әкімшілік полиция комитетінің кейбір құрылымдарын заман талабына сай қайта құру іс-шараларын жүйелендіру жұмыстарына кірісіп кетті. 

         «Полиция - бұл халық, халық дегеніміз –полиция».

ҚР Ішкі Істер министрлігі басшылығының бұл ұстанымы тек жалынды сөздер мен ұрандар ғана емес, шын мәнінде тыныштық сақшыларының жұмысын бұқара халыққа жақындата және тұрғындардың толық қолдауына сүйене отырып, жаңа модельге көшуге деген талпынысын, заң үстемдігі орнаған құқықтық мемлекет болу үшін қоғам болып қолдауға мүдделілік танытуымыз қажет.

Құқық қорғау органдарының жүйесінде түбегейлі реформа жасау - бұл заман талабы. Қазақстан полициясының құқық тәртібін қамтамасыз етудегі азаматтардың конституциялық құқығын қорғаудағы, қылмыстық әрекеттердің алдын алу мен орын алған қылмыстарды әшкерелей отырып, анықтау, тергеу әрекеттері арқылы дәлелдеп, күдіктілерді сот органдары тиісті заңды шара көру үшін жолдаудағы жұмыстарын, сондай-ақ, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ерен еңбектерін ешкім жоққа шығара алмайды. Әсіресе тыныштық күзетінде тапжылмай, өз уақытымен санаспай, бар күш-жігерін, білімін, тәжірибесін, керек болса, денсаулығы мен өмірін сарп ете отырып, қабылдаған қызметтік антына адал қаншама қатардағы полиция қызметкерлерінің арқасында еліміздегі қоғамдық қауіпсіздік өз дәрежесінде сақталып отырғандығы баршамызға аян. Полиция қызметкерлерінің жанқиярлық еңбегі мен ерлігі өз қызметтік міндеттеріне деген адалдығы ел басына күн туғанда, бүкіл әлемді жайлаған «COVID-19» инфекциялық індетін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Пандемия» деп жариялауына байланысты Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасында 2020 жылдың 14 наурызында Төтенше жағдай жарияланған тұста осы «Ғасыр індетімен» күресте жанға араша болған дәрігерлермен қатар, әскерилер, еріктілер және полиция қызметкерлері ең алдыңғы сапта болып, халықтың шынайы ризашылығына бөлене отырып, полицияның оң имиджінің қалыптасуына үлкен үлес қосты. Өз кезегінде Мемлекет басшысы бұл індеттің әліде болса қауіпті екендігін және де қауіпсіздік шараларын карантиндік режимде де жалғастыра беру керектігін баса айта отырып, құқық қорғау органдарына басқа да құзырлы мемлекеттік орындар мен үкіметтік емес ұйымдар, еріктілер мен тығыз байланыс орната отырып, індетті жоюдағы жүйелі іс-шарларды жалғастыруды қатаң тапсырды. 

Ұлы халқымыз қазақта «Бір қарын майды – бір құмалақ шірітеді» деген нақыл бар. Сөз жоқ полиция қызметі саласында да әр түрлі қылмыстық әрекеттерге барып, қоғамға жат қылықтарға жол беру деректері әлі де бар екендігі  ащы да болса шындық. Кейбір қызметкерлер тарапынан бірен-сараң орын алған заңсыз әрекеттер қоғам тыныштығы үшін барлық күш-жігерін сарп етіп жүрген полиция қызметкерлерінің оң имиджіне кері әсерін туғызатындығы белгілі. Ішкі Істер министрлігінің барлық деңгейдегі басшы қызметкерлері мен өзіндік қауіпсіздік қызметі өз қатарындағы қолы, ары таза емес қылмыс пен тәртіп бұзушылыққа бейім қызметкерлерден арылуға бағытталған жүйелі іс шараларды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет салаларымен бірлесе отырып жүргізуде және өз қызметінде қылмыстық әрекеттерге жол берген азаматтар жөнінде ақпараттарды барлық бұқаралық ақпараттық құралдары мен әлеуметтік желілерде ашық түрде жариялауы ҚР Ішкі Істер министрлігінің кадр саясатындағы ашықтығын, халықпен тығыз байланыста екендігін білдіреді. 

Ел аузында «Ет бұзылса тұз себеді, ал тұз бұзылса не себеді?!» деген ұғым бар. Халықтың өз өмірін, тыныштығын, құқығын қорғайтын ең ірі мемлекеттік құрылымның жұмысына сын көзбен қарауы, ол жүйеде орын алған әрбір келеңсіз жағдайдың тұрғындар арасында үлкен резонанс туғызатындығы және теріс пікір қалыптастыратындығы заңды құбылыс.Сондықтан да бұл жүйеге халықтың көңілінен шығатын, тұрғындар мен қоғамның барлық азаматтық институттарымен тікелей байланыста бола отырып, жайлы да қауіпсіз қоғам қалыптастыруға мүдделі құрылым керектігі заман талабы.

         Мемлекет Басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деген тақырыппен халыққа жасаған жолдауында «Бүкіл прогрессивті әлемде полиция институты сервистік модель негізінде дамуда. Біз сондай-ақ осындай модельге көшу туралы мәлімдедік, бірақ әзірге жұмыс тек фрагменттік нәтижелерге әкелді. Учаскелік инспектордың мәртебесін заңды түрде арттырып, оған нәтижелі жұмыс істеу үшін барлық мүмкіндіктерді ұсыну қажет. Ол азаматтар үшін танымал, қолжетімді, беделді болуға, олардың құқықтарын белсенді қорғауға тиіс. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін адамдармен ашық диалог жүргізуге үйрету маңызды. Бұл бағыт кадрларды даярлау және іріктеу жүйесінде басым бағыт болуға тиіс.» - деп, көрсете отырып, тиісті тапсырмалар жүктеді.

         ҚР Премьер-министрі А.Ұ. Маминге ҚР Ішкі Істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е.З. Тұрғанбаевтың жолдаған қызметтік хатында Әкімшілік полиция комитетінің саласын түбегейлі қайта құру арқылы ешқандай бюджеттік қосымша қаржының қажеттігі жоқ екендігін көрсете отырып, мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға бағытталған          іс-шаралардың мәтіні әлеуметтік желілерде жарияланды. Бұл дегеніміз елімізде оң өзгерістерге қол жеткізуде Ішкі Істер министрлігінің түбегейлі реформалық өзгерістерге және қоғам тыныштығын қамтамасыз етуде халық үнін тыңдауға мүдделі екендігін көрсетіп отыр. 

         Осы орайда, Ішкі Істер органдарындағы 30 жылдан аса қызметтік тәжірибемді пайдалана отырып, төмендегідей ұсыныстарымды білдіруді жөн деп санадым: 

  • ҚР Ішкі Істер министрлігінің жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру, үйлестіру және бақылауға тиісті дербес департамент немесе басқарма құру жөніндегі бастамасы өте құптарлық. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында меншік иесіне қарамастан барлық транспорт құралдарының техникалық жағдайы, әсіресе жолаушылар тасымалымен айналысатын автобустар, индрайвер жүйесі, такси қызметі, балалар мен оқушылар тасымалымен айналысатын, вахталық және шет елдік еңбек мигранттарының тасымалымен айналысатын көліктердің техникалық жағдайын бақылау, жол жүру қозғалысын ұйымдастыруда қалалар мен елді-мекендерде заманауи цифрлық озық технологиялар мен автоматты қондырғыларды енгізуді жоспарлау, ұйымдастыру, магистральді автомобиль жолдары мен қала көшелерінің сапасы мен жол белгілері, жолақ сызықтарының басқа да жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған техникалық қондырғылар мен өлшеуіш құралдарын енгізуге байланысты нормативті құжаттарды дайындай отырып, тиісті жол-коммуналды шаруашылықтармен, құзырлы органдармен бірлесе отырып, үйлестіретін құрылым болуы тиіс. Сондай-ақ, жол жүру ережесін жас ұрпаққа балабақша, мектеп қабырғасында тереңдетіп оқып-үйрету арқылы жасөспірімдерді қарапайым ереже сақтау арқылы өз өмірі мен денсаулығын сақтай отырып, құқықтық мәдениетін қалыптастыру өте маңызды. Сондықтан да жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мемлекеттік бақылау жасаудың ролі өте жоғары;


  • Қазіргі таңда экология мен қоршаған ортаны қорғау өте өзекті мәселе. «Коронавирус» індетінің шарықтап өршуі, «Құс тұмауы» басқа да жұқпалы індеттердің таралу қаупі халықтың қарапайым сақтық шараларын сақтамауы, карантиндік режим талаптарын қамтамасыз ететін экология, жойылып бара жатқан жануарлар дүниесі мен табиғатты қорғау, елді мекендер мен қалаларда санитарлық жағдайларға бақылау жасайтын Әкімшілік полиция комитеті құрамында дербес құрылым болуы шарт деп есептейміз;


  • ҚР Ішкі Істер министрлігі еліміздегі саяси-қоғамдық ахуалға үнемі мониторинг жасай отырып, қоғамның тыныс-тіршілігін, азаматтардың сұраныс-талаптарын, наразылықтың туындау себептерін анықтай отырып, тиісті құзырлы органдарды алдын ала  ақпараттандыру, азаматтық-қоғамдық институттар мен қоғам белсенділерін қатыстыра отырып, шиеленіс ошақтарын залалсыздандыру, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде үнемі мониторинг жасай отырып, мемлекеттік құрылымға және қоғамға жат арандатушылық, жалған ақпараттар тарататын тұлғаларды анықтап, тиісті құзырлы органдармен бірлесе отырып, шара көретін дербес құрылымның болуы тиіс. Жергілікті полиция департаменттерінде баспасөз қызметінің жұмысын жандандыру мақсатында осы бөлімдердегі қызметкерлерді қайта аттестатциялаудан өткізіп, офицерлік лауазымдарға тағайындау арқылы халыққа қылмыстық ахуал мен оқиғалар жөнінде тәулік бойы шұғыл ресми ақпараттандыру, тұрғындар арасында жалған ақпараттардың таралуына жол бермеу және полицияның қызметкерлерінің шұғыл әрекеттері жөнінде қылмыс орын алған аумақтан және оқыс оқиға орындарынан тікелей репортаждар жүргізу тәртіп сақшыларының оң имиджін қалыптастыруда шешуші роль атқарады.

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет»  құру тұжырымдамасы ҚР Ішкі Істер органдарының қызмет салаларындағы реформалық өзгерістерінің талаптарына сай келеді. Заң үстемдігі орныққан жағдайда ғана азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік беріле отырып, Тәуелсіз мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа сатысына шығатыны сөзсіз.    

01 қазан 2020 ж. 1 152 0

Күнтізбе

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Сауалнама

Сайттың жұмысын қалай бағалайсыз?