ТҰРҒЫН ҮЙ СЕКТОРЫНДАҒЫ ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ САҚТАЛУЫНА НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ!
Электр жабдықтарын, тұрмыстық электр құралдарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы, тұрмыстағы пешті пайдаланудағы аңғалдық, электрмен дәнекерлеу сынды жұмыстар жүргізу кезінде, тұрмыстық газды құрылғыларды пайдалану кезінде, балалардың отпен ойнауы салдары өрттің шығуына, әрі қайғылы жағдайларға әкелуде.
Осы орайда, бүгін қала әкімдігінің баспасөз орталығында 2020-2021 жылу беру маусымына дайындық және өрт қауіпсіздігін алдын алу мақсатында Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Жасұлан Түйменовтың қатысуымен арнайы брифинг өткізілді.
15 тамыздан бастап Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының ұйымдастыруымен Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты барлық ауылдық округтерде тұрмысы төмен және аз қамтылған жанұяларға тұрғын үй секторларында өрт қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді.
Бұған қоса, «АЛАУ ГАЗ-АЙМАҚ» ЖШС Қызылорда облысы бойынша филиалымен бірлесіп, қала әкімдігі ұсынған тізімге сәйкес қатты отынмен жылытылатын аз қамтылған отбасылардың моржаларын тазалау және көмірқышқыл газын анықтайтын датчиктер орнату жұмыстары қолға алынған.
Аталған іс-шараның басты мақсаты қатты отынмен жылытылатын тұрғын үйлерде өрттердің және көмірқышқыл газымен улану оқиғаларының алдын алу болып табылады.
Қазіргі таңда түсіндірме жұмыстары барысында қала өрт сөнідіру бөлімдерінің қызметкерлері мен жастар ресурстық орталығының волонтерлары жұмылдырылып, барлығы 1 мың 384 тұрғын үй араланып, 6 мың 596 адам қамтылды. Аталған түсіндірме жұмыстары жылу беру маусымы аяқталғанға дейін жалғасын табатын болады.
Қала тұрғындарын төтенше жағдайлардың алдын алу және болдырмау мақсатында өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауға шақырамыз.