ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ ЖОЛ КАРТАСЫ: 3 МӘДЕНИ НЫСАН ЖӨНДЕЛДІ
ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ ЖОЛ КАРТАСЫ: 3 МӘДЕНИ НЫСАН ЖӨНДЕЛДІ
Бүгін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері "Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы" бағдарламасы шеңберінде жөндеуден өткен мәдени нысандармен танысты.
Аралау барысында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұхтар Ниязов БАҚ өкілдеріне нысандардың жай-күйін таныстырып өтті.
"Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы арқылы А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі, Абай ауылдық мәдениет үйі және М.Ералиева атындағы мәдениет үйі ғимараттарына "Құрылыс Бизнес и К" ЖШС мердігер мекемесімен жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бүгінде толық пайдалануға берілген.
Өңірдің мәдени өркендеуіне өзіндік үлесін қосып отырған мәдени орыннның бірі қала орталығында орналасқан А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі. Ғимаратта бағдарлама аясында көрермендер залы мен сахнасының төсеніші, сонымен қатар, әжетхана жабдықтары толығымен ауыстырылып, пластикалық кабиналарға бөлінді, едені жаңадан кафельденді. Би залының шатыры жөнделіп, суағары жаңаланды. Сондай-ақ, мәдениет үйінің жарамсыз есіктері ауыстырылып, шара өткізуге қажетті орындықтар алынды.
Бағдарлама аясында жаңғыртудан өткен келесі мәдени нысан Титов қыстағында орналасқан М.Ералиева атындағы мәдениет үйі. Ғимараттың қас беті жаңартылып, керамогранитпен қапталған. Сыртқы қабырғалары декоративті-әрлеу сылағымен сыланып, сыртқы есігі ауыстырылды және киім ілетін орын пластикалық материалмен бөлініп жабдықталды. Сонымен қатар, қыстақ тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізу және салауатты өмір салтын ұстану мақсатында мәдениет үйі ішінен ашылған спорт секцясы өтетін жер пластикпен бөлініп, оңтайландырылды.
Сонымен қатар, Қосшыңырау ауылдық округінде орналасқан Абай ауылдық мәдениет үйінің төбесін жұмсақ жабынмен жабу жұмыстары жүргізіліп, ауыл тұрғындарының игілігі үшін пайдалануға берілді.
Жалпы, қалада өнер иелерінің шығармашылықпен айналысуына бар жағдай жасалған.