ҚАЛА ӘКІМІ СПОРТШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Кездесу барысында Сыр спортында салмағы бар сала ардагерлерін, саңлақтарды шыңдап, ел спортына еңбегі сіңген жаттықтырушылар мен байрақты бәсекеден олжалы оралған оғландарымызға алғысын білдірді.
Шаһар басшысы биылғы жылы қала спортшыларының халықаралық, республикалық додаларда жеткен жетістіктеріне тоқталып, қаламыздағы спорт саласының әлеуетін арттыруға бағытталған жарқын жобалардың жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Мәселен, бүгінгі күні «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында қала аумағында спорт саласына байланысты 10 жоба жүзеге асырылуда.

Оның ішінде, 4 облыстық спорт мектептеріне ағымдағы жөндеу, «Локомотив» стадионының футбол алаңына қайта жаңғырту жұмыстары және Байдарка мен каноэ есу базасының, 33 ойын-спорттық алаңының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту және онымен шұғылданушыларды 2020 жылға қарай 30%-ға жеткізу жөніндегі тапсырмалары Қызылорда қаласы бойынша өз деңгейінде орындалып, жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бұл көрсеткіш отыз пайыздан асты.

Алдағы уақытта Тасбөгет кентінен салынатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу мен мемлекеттік сараптамадан өткізуге қаржы қаралған.

Кездесу соңында сала ардагері Алтынбек Жаңабековке ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталып, еңбегі сіңген жаттықтырушысы Вячеслав Ким, ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Кабира Асқарова, Ислам Салимов, әйелдер арасында дзюдон қазақтан шыққан тұңғыш Азия чемпионы Жамал Бозова, қазақ елінің тарихында алғаш рет байдарка және каноэ есуден жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазы Диас Бахраддин, каратэ-додан халықаралық турнирлердің жүлдегері, жас спортшы Айбар Ғалымжан қала әкімінің арнайы алғыс хатымен марапатталды.
