Рухани Жаңғыру
Бізге 200 жыл!
Сыр - Алаштың анасы
Туған күніңмен, Қызылорда!
Сыр елім - Жыр елім Қызылорда
Сыр сұлуы - Қызылордам

ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ ЖҮРЕГІ

Айбары асқақтаған, келбеті келіскен Нұр-Сұлтан қаласы – елдің бас шаһары. Қазақстанның жүрегі болған астана қуатты қалалар қатарына қосылып, құтты мекенге айналды. Олай дейтініміз, әсем қалада құрметті меймандар арылмайды, ауқымды шаралар өтеді. Маңызды болған мәселелер түйіні осы бас қалада шешімін табуда. Мұның өзі күн санап көркейіп келе жатқан Нұр-Сұлтан қаласының мерейлі мәртебесін айғақтайды.

Бүгінде Еуразия кіндігі саналатын елорда – бейбітшілік символы саналып, тұрақтылық пен ынтымақтың қаласына айналған. 1997 жылдан бастап бас шаһарымыз Ақмолаға көшкеннен кейін жас мемлекеттің астанасы қарқынды дамып, аз ғана уақыт ішінде адам танымастай өзгерді. Зәулім ғимараттар бой көтеріп, әсем қалаға барша әлем жұрты таңдана, тамсана қарайтындай дәрежеге жетті. Мұндағы қала бедерінің көркемдігі және архитектуралық шешімдердің ерекшелігі Есіл бойындағы бас шаһардың елеулі екенін танытып тұр. Сондықтан бұл күнде еліміздегі барлық аймақ бас қалаға қарап бой түзейді десек артық айтқандық емес. Міне, сол себепті де Нұр-Сұлтан қаласы – егемен еліміздің жүрегі, елдігіміздің бастауы.

Тәуелсіздік алғаннан бастап елдің дамуына емірене еңбек етіп келе жатқан Елбасы Н.Ә.Назарбаев азаттықтың алғашқы жылдарында маңызды шешімдерді қабылдады. Бұл ұлт келешегі үшін жасалған батыл қадамдар. Солардың ішіндегі ең басты қадамдардың бірі осы елорданы Ақмолаға көшіру болатын. Бұл әрине, оңай шешім болмағаны белгілі. Десе де, халықтың болашағына сеніммен қараған Қазақстанның Тұңғыш Президенті бас қаланы көшіру бастамасын қолға алды. Бұл туралы Елбасы астана туралы толғауында: «Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой менде ертеректе, сонау алыстағы 1992 жылы туған еді, бірақ мен ол кезде мұны аузымнан шығармадым, өйткені Қазақстанның экономикасы ойлағанды іске асыруға мүмкіндік бермеді», – дей келіп: «1992 жылы Қазақстанның Тәуелсіздігіне бүкіл халық болып сайлағанынан кейін мен Ақмолаға келдім. Есілден көлденең тартылған ескі көпірдің ортасында тұрып, өзенге қарадым. Маған қаланың ортасында ағып жатқан өзен болса, қашанда сол ұнайтын. Өзен қалаға ерекше көрік береді, мәртебесін көтереді. Мысалы, бізде Жайықтың бойында Атырау, Сырдарияның бойында Қызылорда, Тобылдың бойында Қостанай, Ертістің бойында Семей мен Кереку орналасқан. Ал әлемде қаншама астаналар өзен жағасында салынған. Санкт-Петербург – Невада, Мәскеу – өзі аттас өзенде, Париж – Сенада, Лондон – Темзада тұр. Оның үстіне, Ақмола Қазақстан мен бүкіл Еуропаның орталығына орналасқан», – деп мұны тарихи шешім екенін жеткізеді. Осындай шешім қабылдаған Елбасы көрегенділігіне тәнті болған қазақстандықтар елдің бас қаласын Тұңғыш Президент есімімен атауды ұйғарды. Сөйтіп бүгінде бас шаһарымыз Нұр-Сұлтан деп аталады.

Елбасының төл тумасына баланған бас шаһар осы уақыт шеңберінде батыс пен шығыс мәдениеті үйлесім тапқан бірегей қала қатарынан көрінді. Әлеуеті ұлғайып, бәсекеге қабілетті әлемдік деңгейдегі мегаполис саналды.
Бүгінде Қазақстанды айтқанда шетелдіктер «Нұр-Сұлтан» деп айтатын түсінік қалыптасты. Мұның өзі жаңа ғасыр шеңберінде жасарған мемлекеттің бренді бас қала екенін бірдірсе керек-ті. Қазақтың астанасы – жасампаздық бастамасы екені айқын.

Қарлығаш АБДРАХМАНОВА,
Қызылорда қалалық №261 орта мектептің директоры.
02 шілде 2020 ж. 867 0

Күнтізбе

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Сауалнама

Сайттың жұмысын қалай бағалайсыз?