Қиындықты бірге еңсереміз
Әлемдік пандемия деңдеген уақытта елімізде халықтың денсаулығын қорғау, олардың табысын арттыру және бизнесін қолдау үшін 500-ге жуық шешім қабылданды.Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі комиссия, Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия болып қайта құрылуы алда үлкен міндеттерді атқаруға жетелейді. Сондықтан жаңа санитарлық ережелерді дайындау негізінде шағын, орта, ірі компаниялар жұмысы белең алады. Қашықтан жұмыс істеу өз өзектілігін сақтайды дей келе, мемлекет басшысы 4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңге көлемінде қаржылай көмек берілуі және 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілуі, коммуналдық төлемдердің тарифі төмендетілуі, 2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілуі, салық жүктемесі азайтылуы жөніндегі мәліметі, мемлекеттің өз азаматтарын қашанда тағдыр тәлкегіне қалдырмайтындығын көрсете алды. Осындай игі істер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың нақты дәлелі дер ем. Коронавирус пандемиясы әлемдік рецессияның басталуы болғандықтан, жаһан экономикасы соңғы жүз жыл ішінде болмаған деңгейге түсетінін болжануына, Қазақстан өз қаржы резерві жеткілікті және мемлекет қарызының көлемі мүмкіндігімізге орайлы болуымен бұл дағдарысты да еңсереміз деген президент сөзі көңіліме үлкен сенім ұялатты. Басты мәселе жаңа ахуал жағдайында жұмыспен қамтамасыз ету және экономикалық тиімділікті арттыру үшін ресурстарды қайда жұмсау керектігін саралап айтқан мемлекет басшысы қолымыздан келетін еңсеретін міндеттерді тізбектеп беруі қазақстандықтарды ортақ мақсат жолында топтастыра түсері сөзсіз. Қазақстан экономикасының жаңа құрылымын жасау, ауыл шаруашылығына басымдық беру, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру, қолжетімді баспана құрылысын арттыру, жалақы көлеміне қарай салық төлеу шкаласының енгізу арқылы халыққа әлеументтік қолдауды арттыруды басты назарда ұстауы қуантады. Сонымен қатар, мемлекет басшысы Ұлттық бизнесті қолдау, шетел капиталын тиімді елге тартуды айта келе еліміздегі бүкіл жұмыс орындарын сақтап қалу қиындық тудырады, осыған орай кәсіпкерлікті қолдау үнемі үкімет назарында болады және қаржылық көмек төтенше жағдай кезінде зардап шеккен кәсіпорындарға бірінші кезекте берілетіндігін атап өтуі де жұмыссыздықпен күрестің алдын алуы жолындағы басты қадам болып табылатындығына көз жеткізіп отырмыз. Осы бағытта азаматтарды қолдау мен бизнесті дамытуға арналған шараларды жүзеге асыру үшін Экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп жатуы да атқарушы биліктің тынымсыз қызметін жаңа қырынан көрсете алады. «Құлағанға жұдырық демекші» осынау қысылтаяң кезеңде Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы су басу оқиғаларына да дер кезінде қол ұшын беріп отырған мемлекет өз азаматтарының мүддесін бәрінен жоғары қоятындығын нақты ісімен көрсетіп отырғандығын Президентіміздің нықтап айтқаны, іс-әрекет етуді емес «аузымен орақ оратындарға» халықпен бірге болып осынау Ұлы игілікті істер жолына өз үлесін қосуға шақырғандай болды. Мемлекет басшысының үндеуі қоғамымыздың барлық саласын қамтығандығымен және қиыншылықтардан шығу жолдарын көрсете алуымен құнды болып табылады.
№3 ІТ мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі,
Аманғали Есімов