Рухани Жаңғыру
Бізге 200 жыл!
Сыр - Алаштың анасы
Туған күніңмен, Қызылорда!
Сыр елім - Жыр елім Қызылорда
Сыр сұлуы - Қызылордам

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛАҒАТЫ

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛАҒАТЫ
Ұлтымыздың ұлы жолы, бай тарихы, бабалар өмірі, ірі тұлғаларымыздың өнегелі ғұмыры бүгінгі тәуелсіз Қазақ елінің баға жетпес құндылығы.

Ұлы даланың құндылықтарын жаңғыртып, дүние жүзі өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлғаларымызға арналған көптеген игі бастамалар атқарылуда. Игі істердің жалғасы ретінде, бүгін Қызылорда қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде Алтын Орданың 750 және Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы даланың ұлағаты» атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Қалалық жастар театры әртістерінің арнайы қойылымымен шымылдығын түрген айтыстың алғы сөзіне шыққан қала әкімі Н.Нәлібаев: «Айтыс өнерінің қазақ әдебиеті тарихында алатын орны мен мәні ерекше.
Хәкім Абай атамыздың «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» атты өлеңінде жырлағандай, «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, Сонда да солардың бар таңдамасы» демекші, өнерлеріңіз өрісті болып, шабыттың шыңына жетелесін.
Қасиетті қазақтың қара домбырасының күмбір үнімен, дана халқымыздың сөз өнерін жандарыңызға жалау етіп, дүйім елдің құрметіне бөленіп, ақын бабаларымыздың салған сара жолы, суырып салма шешендеріміздің келер ұрпақпен жалғасқан салтанатты сапары үзілмесін»,- деген тілегін білідіріп, додалы дуда бас қосқан жүлделі жүйріктерге сәттілік тіледі.

Сонымен дарабоз дүлдүлдер: Бекарыс Шойбеков, Дидар Қамиев, Рүстем Қайыртайұлы, Нұрмат Мансұров, Дидар Аббасов, Біржан Байтуов, Мұрадым Мейірланов, Ержеңіс Әбдиев, Ержан Әміров және болашағынан зор үміт күттіретін жас ақын Бексұлтан Орынбасаровтар бақ сынаған дүбірлі доданы екі мәрте "Алтын домбыра" иегері, "Айтыстың Ақтаңгері" Мұхтар Ниязов жүргізді.
Сөз сайысқа жырау, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Парасат" орденінің иегері Алмас Алматов, ақын, мемлекеттік "Дарын" жастар сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы және ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Дүйсенбек Аяшұлы қазылық жасады.

 
Әзіл мен әні, қағытпа қалжыңы, барымтаға қарымтасы жарасқан сөз додасы өте жоғары деңгейде өткенін айтыстың соңына дейін көңілі басқаға бөлінбей, көбесі сөгілмей отқан халықтан аңғаруға болады.
Алуан-алуан жүйрік кеп әліне қарай шауып, жыр мерекесінің көрігін қыздырған ақындар келесідей жүлделерге ие болды: ІІІ орын Түркістан облысынан келген қазақтың біртуар ақындарының бірі Бекарыс Шойбековке, ІІ орын Арқаның ақтаңгер ақыны Дидар Қамиевке, І орын жерлесіміз, ақындық пен ұстаздықты қатар алып жүрген Ержеңіс Әбдиевке бұйырса, Бас жүлдеге жақында ғана Жайықтың жағасында өткен «Алтын домбыра» айтысының жеңімпазы, Семейлік Рүстем Қайыртайұлы лайық деп танылды.
17 ақпан 2020 ж. 1 126 0

Күнтізбе

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Сауалнама

Сайттың жұмысын қалай бағалайсыз?