ӨТКЕН ЖЫЛ ҮЛЕСІНДЕ ӨРКЕНДІ ІС БАР
ӨТКЕН ЖЫЛ ҮЛЕСІНДЕ ӨРКЕНДІ ІС БАР
Қала әкімі Н.Нәлібаев халық алдындағы есеп беру кездесуін Ақжарма ауылдық округінде жалғастырды. Келелі жиынды ауылдық округ әкімі Ж.Әлиев бастап, әлеуметтік - экономикалық дамудың 2019 жылғы қорытындысы жайлы есебін беріп, алдағы жоспарларды саралап өтті.
Күре жол бойындағы елді мекен тұрғындарының негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы. Округте 2 мың 800 гектар инженерлік жүйеге келтірілген жер телімі бар, 18 жеке шаруа қожалығы тіркелген.
Өткен жылы 125 отбасына "Жүрек жылуы" акциясы аясында 11 млн. 425 мың теңге көлемінде көмек көрсетілсе, қайырымдылық істен жергілікті кәсіпкерлер де сырт қалмады. Демеушілер көмегімен осы ауылдың 7 отбасы баспаналы болды.
Ең жағымды жаңалық, бұған дейін есепті кездесулерде жиі көтеріліп келген мәселе шешімін тауып, қала әкімінің қолдауымен ауылда жаңа Мәдениет үйі пайдалануға берілді.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тұрғызылғын бұл әлеуметтік нысанның құрылысын кәсіпкер, қалалық мәслихат депутаты Қ. Орынбасарұлы жүргізген. Көп жылдардан бері мәдениет ошағының қажеттігін көтеріп жүрген ауыл тұрғындары қала, ауыл әкіміне және іскер азаматтың бұл сыйына риасыз алғыстарын жеткізді.
Сонымен қатар, ауылдық округке қарасты Талдырарал елді мекеніне ауыз су, кәріз жүйесін жаңғыртуға республикалық бюджеттен 236 млн. 687 мың теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Жиынды қала әкімі Н.Нәлібаев қорытып, былтырғы жыл үлесіндегі атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Әкімдердің жылдық есебі мен атқарған істерін ауыл тұрғындары оң бағалады.