ЖАЙНА СЛАМБЕК ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСТІ
21 қараша күні «Бастау» бизнес орталығының мәхіліс залында облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен “Аналитикалық – сараптамалық материалдар туралы теориялық ақпарат. Журналистикадағы сараптамалық жанрлар” және “Мақала жазудағы тіл тазалығын сақтаудың маңыздылығы” тақырыбында семинар-тренинг өтті. Шарада қазақ журналистикасында өзіндік ерекше орны бар Жайна Сламбек пен “Сыр бойы” газеті редакторының орынбасары – Гүлжазира Жалғасова өз тәжірибелерімен бөлісті. Семинарға сыр журналистері, осы саланың болашақ мамандары қатысты.
Жайна Сламбек “Журналистикадағы сараптамалық жанр жайында” дәріс оқып, журналистика саласында 10-15 жыл ішінде өзгеріс болатынын тілге тиек етті.
"Көпшілік журналист өлетін мамандық" дейді. Ал мен бұл мамандық жоғалып кетеді немесе бар болады деп те айталмаймын. Талап күшейген сайын журналистер сұрыпталады. Бұл саланың мамандарында энциклопедиялық білім, ізденімпаздық болу керек,- деді Жайна Сламбек.
Сонымен қатар, сырбойылық журналист Гүлжазира Жалғасова мақала жазу барысындағы қателіктерге жол бермей, тіл тазалығын сақтау керектігін атап өтті.
Мақаладағы қате – ұры іспетті, қайдан келіп қалғанын білмейсің. Сондықтан да мақала жазғанда толық тексерістен өткізіп жолдаған абзал, -деді Гүлжазира Жалғасова.
Шара барысында білікті тренерлер қатысуышлармен пікір алмасып, пайдалы деректермен сусындатты.