ЕЛ РУХАНИЯТЫН ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРЕДІ
ЕЛ РУХАНИЯТЫН ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРЕДІ
Мемлекет басшысының алғашқы Жолдауы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне тың серпін беретін жағымды жаңалықтар мен нақты тапсырмаларға толы болды. Мәдениет саласының қызметкерлері оны ерекше ықыласпен қабылдады. Осы саланың бел ортасында жүргеннен кейін Жолдаудағы мәдениет саласына қатысты айтылған дүниелерге алғашқы кезекте назар аударғаным рас.
Жолдауда Президент Үкіметке ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы саналатын сала өкілдеріне мемлекет тарапынан салиқалы қолдау көрсетуді тапсырды. Бұл ел руханиятының жаңа деңгейге көтерілуіне зор септігін тигізетіні анық.
"Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлдем көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе, жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды", – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Жасыратыны жоқ, қоғамдық іс-шаралардың қай-қайсысының бел ортасында жүрген сала қызметкерлеріне жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей келген еді. Президент пәрменімен Үкімет келесі жылы мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көтеретін болды. Сондай-ақ, олар бұған дейін білім беру және денсаулық сақтау салалары қызметкерлеріне беріліп келген міндетті әлеуметтік жеңілдіктерді де пайдалану құқығын иеленбек.
Елдің рухани дамуы мен кемелденуі мәдениеттің қарқынды дамуымен байланысты екенін ескерсек, сала қызметкерлерін қолдау – әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басудың бір тетігі деп есептеймін.
Әрине, депутат болып, халық қалаулысы атанғаннан кейін халықтың қоғамдағы талабы мен тілегі, мүддесінің орындалғанын қалаймыз. Сондықтан да Президенттің "Біздің ортақ міндетіміз – адамдардың барлық сұраныстарына тез жауап беретін "еститін" мемлекет тұжырымын жүзеге асыру" дегені аса қуантып отыр.
Жалпы, бұл Жолдау елдің көңіл күйіне ерекше әсер еткені сөзсіз. Себебі мұнда әлеуметтік мәселелерге басымдық берілді. Жолдауда айтылған негізгі бағыттардың бірі – Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі. Мемлекет басшысы тұрғындарды әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі дамытуға баса назар аударып отыр. Мұнда мектеп жасына дейінгі балаларға да, бүгінгі күні зейнетақы қоры бар адамдарға да ерекше көңіл бөлінген. Атаулы әлеуметтік көмек, аз қамтылған отбасылардағы балаларды әлеуметтік қолдау, мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін тең мүмкіндіктер жасау секілді өзекті мәселелер айтылды.
Сонымен қатар Жолдауда шағын және орта бизнеспен айналысатын қазақстандықтарға мол мүмкіндік беріледі. Өйткені, кәсіпкерлік дамыған сайын ел экономикасы да еңсесін тіктей беретін болады. Президент шағын бизнес өкілдерін үш жыл бойы салықтан және тексерулерден босату туралы тапсырма берді. Оған қоса, кәсіпкерлікті дамытуға республикалық бюджеттен 250 млрд теңге бөлінбек. Бұл шаралардың сөзсіз оң нәтижесі болары анық.
Жолдаудың басым бағыттары Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының негізгі ережелерімен сәйкес келеді, бұл оның өзі қабылдаған шешімдердің жүйелілігін және олар үшін нақты жауапкершілікті сезінетіндігін көрсетеді. Мемлекет басшысы сайлауалды тұжырымдамасын негізге ала отырып, ең алдымен халықтың игілігіне қызмет ететін үйлесімді мемлекет құруға бағыттап отыр. Бұл мақсатқа билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қол жеткізуге болады. Жолдау мемлекеттің қоғамдық-саяси өмірін жақсартуға, қоғамдық келісімді нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналды. Онда ұлттық экономика мен бизнесті қолдаудың, инфрақұрылымды дамытудың маңызды міндеттері, сонымен бірге халықтың бірқатар әлеуметтік мәселелерін шешу жолдары көрсетілді.
Мемлекет басшысы біздің болашақтағы бағытымызды айқындап берді. Экономиканы дамыту үшін қолайлы жағдайдың бәрі қарастырылуда. Ендігі міндет "бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып", Жолдауда белгіленген мақсат-міндеттерді жүзеге асыру.
Талғат МАҚАШОВ,
облыстық филармония директоры,
қалалық мәслихат депутаты