БІЛІМДІ МЫҢДЫ ЖЫҒАР...
БІЛІМДІ МЫҢДЫ ЖЫҒАР...
Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ең алғашқы Жолдауында қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелерді қамтыды. Соның ішінде мемлекеттік тіл, мемлекеттік қызмет, азаматтық қоғам, этносаралық татулық тақырыптарына ерекше мән берілген. Жолдау барысында келер жылы аталып өтетін маңызды мерейтойлар мен елеулі оқиғаларға дайындық жұмыстары басталғандығын айта келе, алдымыздағы жылы Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық және Ұлы Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойларын ел болып атап өтетіндігімізді ерекше айтты.
Мемлекет басшысы өз жолдауында мемлекеттік тіл жөнінде – «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», - деді. Сондай-ақ, ең маңызды мерекеге- Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты тиісті іс-шараларды осы бастан іске асыруымыз керектігін айтты. Ел өміріндегі осындай елеулі оқиғалар жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашатынына сенім білдірді.
Жолдаудың төртінші бөлімі “ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ” айдарында еліміздің бюджетін екі негізгі мақсатқа бағыттай отырып, экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарын нақты көрсете келе, әлеуметтік салада төмендегі бағыттарға баса мән беру керектігіне тоқталды: оның ішінде басты мәселе – білім беру сапасын жақсарту.
- Білім беру сапасын жақсартудағы игі қадамдар арқылы саналы ұрпақ тәрбилеу жолына көп мән бере келе еліміздегі еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесі әлі күнге дейін әзірленбегенін, шын мәнінде, мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалғандығына тоқталып өтті.
- Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады. Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде. Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс. Экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары, бірақ мүмкіндіктер аз. Кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осындай келеңсіз жағдайды тез арада түзетуіміз керек екеніне баса назар аударылды.
Сонымен қатар, қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап бара жатқандығын, білікті педагог кадрлардың тапшылығы, оқушылардың білім сапасына тікелей әсер ететіндігін тілге тиек етті. Дарынды жастар, әсіресе, ауылдық жерлерден шығып жатыр. Оларға отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына қол жеткізуге мүмкіндіктің қарастырылғаны көңілді көтерді. Тағы да айта кететін жайт, дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеу, аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау керек екендігін Президентіміз ерекше атап өтті. Біз бұл бастамалардың баршасын қолдаймыз!
Білім саласына қатысты тағы бір мәселе ол қаржыландырудың біркелкі болмауы және өңірлік басқарудың казіргі жүйесінің тиімсіздігі. Білім берудің барлық деңгейінде дербес қаржыландыру тәртібін енгізу қажет ететіндігін айтты.
Одан кейін мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Бұл тақырыпта Қасым-Жомарт Кемелұлы Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыруды тапсырып – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысын 25 пайызға өседі деген сөзіне ұстаздар қауымы қуанды. Сананы тұрмыс билейді емес пе? Тұрмысы оңалған, жағдайы жақсарған ұстаздың алдындағы шәкірттің шыңға шығуына аянбай қызмет ететініне кәміл сенемін және атамекеніміздің гүлденіп өсуіне, болашағымыздың жарқын болуы үшін бірлесіп еңбек етуге шақырамын!
Қожаниязова Ләйлі Ақбергенқызы
№23 мектеп-лицей директоры,
Қалалық мәслихат депутаты