СУ БАСУ ҚАУПІ СЕЙІЛЕ МЕ?
Сырдария бойында су тасқыны қаупі орын алып отыр. Бүгінде алдын алу шаралары жүргізіліп келеді дейді мамандар.
Дарияның Сыр өңіріндегі ұзындығы 1274 шақырымды құрайды. Жоғары бөліктен Шардара су қоймасына секундына 900 текшеметр су құйылуда. Қазіргі таңда су қоймасында 3,2 млрд текшеметр су жиналған. Ол былтырғы жылғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 1,5 млрд текшеметрге артық. Су қоймасынан төменгі бөлікке секундына 650 текшеметр су босатылса, оған Арыс өзенінен 10 текшеметр су қосылады.
Сала мамандары да қауіпті сейілту жұмыстарына белсене кіріскен.
- Қызылорда облысы аумағына секундына 571 текшеметр келіп жатыр. Қызылорда қаласы тұсындағы су торабынан 475 текшеметр су ағып жатса, ол Қазалы ауданында 420, дарияның теңізге құятын тұсындағы Ақлақ су торабында 260 текшеметрді құрайды. Қазіргі таңда облыстың оңтүстігіндегі Жаңақорған ауданында дария беті таза, ешқандай мұз ұстасу байқалып отырған жоқ. Ол Шиелі ауданының Майлытоғай елді мекені тұсына дейін де дәл осындай жағдай көрініс беріп отыр. Облыста ауа райы қазіргідей болып жатса, қаңтар айының алғашқы он күндігіне дейін мұздың ұстасуы Шиелі кентіне дейін көрініс береді деген жоспарымыз бар», - деді ҚР Қоршаған орта және су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Әділхан Қарлыханов.
Сыр өңірінде екі жағалауын қоса есептегенде барлығы 609,4 шақырым қорғаныс бөгеті бар. Биыл облыс көлемінде су тасқынының алдын алу мақсатында жалпы ұзындығы 40 шақырымды құрайтын өзен бойы қорғаныс бөгеттерінің 31 учаскесінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
2019 жылдың қаңтар айының алғашқы аптасында Шардарадан төменгі бөлікке секундына 900 текше метр су босатылады деп жоспарланып отыр. Оның 500 текшеметрі Көксарай су реттегішіне жіберіледі. Бұл мамандардың ақпары. Дегенмен жауаптылар Сырдария өзені арнасындағы су шаруашылығы нысандарының жағдайы бірқалыпты деп бағалап отыр.