ШАҺАРДЫҢ ШАМЫ ЖАҒЫЛДЫ
Кеше қызылордалықтар жаңа жылдық шырша жағу рәсіміне қатысты. Биіктігі - 23 метр, ені -10 метрді құрайтын шыршаның салтанатты ашылу рәсіміне және қала халқын құттықтауға келген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жүрекжарды лебіздерін білдіріп, жұртшылықты жаңа жылмен құттықтады.
Жаңажылдық шыршаның шамын жағу рәсімінде ол құрметке республикалық «Мен қазақпын» мегажобасының жеңімпазы Күнсұлу Түрікпен, парадзюдодан 2018 жылғы әлем чемпионатында алтын алған Олжас Оразалыұлы ие болды.
Жылдағы дәстүрге сай қалада шырша тігу, безендіру жұмыстары жүреді. Мерекелік шырша орталық алаңнан бөлек, Жібек жолы көшесінен бөлек Теміржол вокзалы, Ғ.Мұратбаев атындағы стадион және Ы.Жақаев көшесі бойында бой көтерді.
Ал, Жібек жолы даңғылы, Желтоқсан секілді негізгі көшелердің бойы, аллеялар және орталық алаң секілді көпшілік орындар жаңа жылдық ою-өрнектер мен ертегі кейіпкерлері бейнесінде светодиотты безендірулер, тақырыптық үгіт-насихат құралдарымен толықтырылды. Жалпы жаңа жылдық көңіл-күйді көтеретін безендіру жұмыстарына қалалық бюджеттен 4,6 миллион теңге қаржы кеткен.