МЕРЕЙТОЙ ҚҰРМЕТІНЕ ЖАҢА БАЛАБАҚША
Елдің бас мерекесі тәуелсіздік тойын қызылордалықтар ерекше қарсы алды. Мереке күні Тасбөгет кентінде 140 орындық жаңа "Нұр Орда" балабақшасы пайдалануға берілді.
Заманауи үлгідегі балабақшаның жалпы ауданы 7 мың 500 шаршы метрді құрайды және бүлдіршіндердің мектепке дейінгі тәрбиемен толыққанды қамтылуына жағдай жасалған.
Құны 534,7 млн. теңгені құрайтын балабақша құрылысын "ИнтегроСтрой" ЖШС мерзімінде орындаған.
Жаңа ғимараттың ашылу рәсіміне аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев пен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы қатысып, лентасын қиды және балабақша ұжымына символикалық кілтті салтанатты түрде табыстады.
Айта кету керек, қала бойынша 237 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары болса, оның ішінде мемлекеттік балабақша саны - 26, мектеп жанынан ашылған шағын орталық - 6 (1-жеке), жеке балабақша саны – 205-ті құрап отыр.
Бүгінде Қызылорда қаласы мектепке дейінгі тәрбие беру саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, қаладағы 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласы бойынша 237 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары «Электронды балабақша» автоматтандырылған жүйесіне енгізілген.