Рухани Жаңғыру
Бізге 200 жыл!
Сыр - Алаштың анасы
Туған күніңмен, Қызылорда!
Сыр елім - Жыр елім Қызылорда
Сыр сұлуы - Қызылордам

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС – БИЛІК ПЕН БҰҚАРА АРАСЫНДАҒЫ ДӘНЕКЕР

«Достық үйінде» сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарын күшейту мақсатында облыстағы қоғамдық кеңес мүшелерінің І форумы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Балайым Кесебаева, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Абзал Мұхимов қатысты.– Ұлт жоспары аясында қолға алынған қоғамдық кеңес – Елбасының  тікелей тапсырмасы негізінде құрылды. Бұл ұйым қоғамда өзінің маңыздылығын көрсетті. Себебі, қоғамдық кеңес – атқарушы билік пен бұқара халықты байланыстырып отырған дәнекер. Яғни, биліктің халық алдындағы жауапкершілігін күшейтумен бірге елдің сенімділігін қалыптастырды. Қазіргі сәтте алдымызда аталған ұйымның жұмысын заманауи тұрғыда жүргізу міндеті тұр.  Осы тұрғыда қоғамның пікірін ескере отырып, бірлесе жұмыс жасасақ, ісіміздің нәтижелі болатыны сөзсіз, – деді Руслан Рүстемұлы.

Қоғамдық кеңес – Ұлт жоспарының нақты қадамдарының бірі. Осы кеңестер арқылы еліміздің кез келген азаматы мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық негізде үн қоса алады. Демек, мемлекеттік органдардың қандай да бір шешім қабылдауына ықпал етеді. “Қоғамдық кеңес” туралы қабылданған Заңның маңыздылығын сөз еткен мәжіліс депутаты Б.Кесебаева қазіргі таңдағы қоғамдық кеңестің билік пен халықты, түрлі сала өкілдерін біріктіретін басты механизм екенін баса айтты.

– Бұл форумның билік органдарының өкілдерін, сарапшыларды, кәсіпкерлерді біріктіріп отырған күш екендігі бізді қуантады. Негізінен билік қызметінің азаматтық қоғам үшін ашықтығы бүгінгі күні маңызды рөл атқарады. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасын жүзеге асыру мақсатында “Қоғамдық кеңес” туралы Заң қабылданған болатын. Бұл Заң елімізге қоғамдық бақылау жүйесін енгізіп, қоғамға нақты есеп беретін мемлекетті қалыптастыруды көздеп отыр. Осы заң аясында қалыптасқан Қоғамдық кеңес – азаматтық  қоғамның мүдделерін білдіру, шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, қоғамдық мүдделерді қорғауға бағытталған азаматтық бастамаларды іске асыру, орган қызметіне сенім деңгейін арттыру, әлеуметтік шиеліністердің алдын алу мен оның шешу міндеттерін басшылыққа алуда. Қазіргі кезде республикада 230-ға жуық Қоғамдық кеңес жұмыс атқаруда, – деді Балайым Туғанбайқызы.

Жиын барысында халық пен билік арасында алтын көпір болған кеңестің қызметі жайында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов сөз алса, “Облыстағы қоғамдық кеңес қызметінің негізгі бағыттары мен алға қойған міндеттері туралы” облыстық Қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Б.Досмамбетов,  “Сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық құқық бұзушылықтардың орын алуына себеп болған жағдайларды жою бойынша өткізілген талқылаулар” туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның облыс бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Ермек Тленов, «Жергілікті қоғамдық кеңестердің жұмысын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараға бағыттау мәселелері» бойынша Жаңақорған аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Сәулебек Ысқақов хабарлама жасады.
Басқосу соңында форумға қатысушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы Үндеу оқылды. Өңірімізде алғаш рет өткізілген форумда облыстық Қоғамдық кеңесі алдағы уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарын барынша күшейтіп, онымен күресуде бірлесе іс-шара қабылдауға уағдаласты.


28 тамыз 2018 ж. 2 118 0

Күнтізбе

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Сауалнама

Сайттың жұмысын қалай бағалайсыз?