ҚЫЗЫЛОРДА – КӘСІПКЕ ҚОЛАЙЛЫ ӨҢІР
Биылғы жыл Қызылордада кәсіпкерлікті қолдау жылы деп жарияланғаннан бері іс бастап, шағын кәсіптің шарапатын көргендер көбейді. Мемлекеттік көмек пен артық қағазбастылықтан арылу да уақыт өте азайып келеді.
Статистикалық мәліметке көз салсақ, 2018 жылдың 1 қарашасында өңірде 51 956 шағын және орта бизнес субьектісі тіркелген, оның ішінде 42 066 жұмыс істеп тұр. Пайызға шаққанда бұл көрсеткіш 12,7 пайызды құрады. Бұл - республикада ең жақсы көрсеткіш.
Аймақта бизнесті ілгерілету бағытында қарқынды қимыл бар. Мәселен, өз істерін бастаған кәсіпкерлер үшін барлық қолайлы жағдайларды жасау мақсатында Кәсіпкерлер үйі ашылды. Мұнда облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасы, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, «Жобаларға сараптама жүргізу орталығы» ЖШС, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы, екінші деңгейлі бірқатар банк филиалдары және өзге де мекемелер орналастырылған. Сондай-ақ, аймақтың кәсіпкерлері үшін электрондық қызмет түрлерін тегін алуға болатын онлайн-кабинет жұмыс істейді.
Қолдаудың өзге де бағыттарында аймақ алда келеді. Жыл қорытындысы бойынша өз ісін осы жылы бастаған әр аудан мен облыс орталығындағы үздік стартап-кәсіпкерлерді, сондай-ақ ауданның үздік әкімін және жауапты лауазымды тұлғаны 1 млн.теңге көлеміндегі сыйақымен марапаттау туралы шешім қабылдануы өңірдегі кәсіптің аясын кеңейтеді. Осы параметрлердің бәрі ескеріле келе, Қызылорда облысы шағын және орта бизнес субъектілерінің өсуі қарқынында көшбасшы атанды.
Кеше елорда төрінде Қызылорда бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасаған ең үздік өңір деп танылып, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Ең үздік бизнес орта құрғаны үшін» номинациясы бойынша "Алтын сапа" сыйлығын иемденді.