ТЕМІРТҰЛПАР ТІЗГІНДЕДІ
Тұңғыш Президент күніне орай Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің басшыларына 6 «Газель» шағын автобусы мен 2 жеңіл автокөліктің кілтін табыс етті.
Салтанатты шарада аймақ басшысы Сыр спортындағы соңғы серпінді тілге тиек етіп, лайықты жастарға әрдайым қолдау болатынын қаперге салды.
- Мемлекет басшысының спортқа деген қамқорлығы мен сүйіспеншілігі айрықша. Қолдаудың арқасында спортшыларымыз жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, әлемдік ойын додаларында жеңіс тұғырынан көрінуде. Сыр спортшылары Қазақстан чемпионаттарында - 1336 медаль жеңіп алса, Азия, Әлем чемпионаттарында – 155 медальға қол жеткізді,-деді Қырымбек Көшербаев.
Еске салу керек, спортты дамыту саласында өңірде олимпиадалық резервті дайындау орталығы, дарынды балаларға арналған мектеп-интернат колледжі, жоғары спорт шеберлігі мектебі дарындыларды дайындайды.
Президент күніне орай медициналық мекемелер де темір тұлпар тізгіндеді. Нақты айтқанда, облыстық медицина мекемелеріне 7 мамандандырылған реанимобиль, шақыруларға қызмет көрсететін 15 «Ларгус» және 37 «УАЗ» автокөлігінің кілттері табысталды.
Дәл сол күні Қызылордада 112 бірыңғай диспетчерлік қызмет іске қосылды.