ҚАЛАМГЕРЛЕР ҚЫЗЫЛОРДАДА
Сыр жерінде нәр алып, өз саласында биікке жеткен азаматтар туған жеріне тағзым етіп, білгенімен бөлісіп, жеткен жетістігін кейінгі толқынға насихаттауда «Туған жерге тағзым» акциясында бас қосады. Бірнеше мәрте Сыр төрінде ұйымдастырылып келе жатқан акцияның мақсаты айқын. Туған жерден түлеп ұшқан өнер, мәдениет, журналистика, спорт саласында Қазақстанға танылған азаматтарды кейінгілерге үлгі ету, аймақтың даму динамикасына үлестерін қосу.
Биыл белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, тележурналистер Жайна Сламбек, Нұрбек Әмиша, Мәди Манатбек, медицина саласының үздігі Сәбит Пазылов туған жерге ту тікті.
Мәртебелі меймандар туған жердің тағылымы мен қасиетін сөз етіп, ел арасында кездесулер өткізіп, жас буынмен етене-жақын жүздесті. Журналистер жеке-дара семинар-тренинг өткізіп, жас буынға ақыл-кеңестерін айтты.