КОМПРЕССОРЛЫҚ СТАНЦИЯ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Арал ауданындағы Сексеуіл кентінде компрессорлық станция іске қосылды. Салтанатты шараға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Шәріпбаев қатысып, шараның маңыздылығын сөз етті.
- Біз Арал өңірінде «Арал» компрессорлық станциясының іске қосылу рәсіміне куә болдық. Ұлы даланың қуатын ел игілігіне жұмсау мүмкіндігін тәуелсіз еліміздің қарқынды дамып келе жатқанының бір дәлелі ретінде атап өтуге болады. «КазТрансГаз» АҚ қызметкерлері бөлінген қаржыға жеті айда рекордтық уақыт ішінде өте маңызды нысанды іске қосып отыр. Сонымен қатар, жақын арада «Қорқыт ата» компрессорлық станциясы іске қосылады. Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында «Қараөзек» компрессорлық станциясынан бастап Астанаға қарай Сарыарқа магистральды газ құбырының құрылысы басталып, Елордамызға көгілдір отын жеткізу жобасының басталуына куәгер боламыз,-деді аймақ басшысы.
Негізінде Қызылорда облысының әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арасындағы меморандумға сәйкес Арал, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған аудандарын және Байқоңыр қаласын газдандыру жобасы жүзеге асуда. Биыл ҚР Энергетика министрлігінің қолдауымен қалған 3 аудан орталығын - Жосалы, Тереңөзек және Жалағашты газдандыру жұмыстары басталды, 2020 жылы барлық 7 аудан орталығын көгілдір отынға қосу жоспарланды дейді сала мамандары