ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙГЕН
Тек қана Қызылорда қаласының өзінде жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша ілкімді шаралар атқарылып, қыруар жұмыстар тындырылған. Үстіміздегі жылдың 1 қазанында 26099 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Тарқатып айтар болсақ, заңды тұлға 5622, дара кәсіпкерлер 19647, шаруа қожалықтары 830-ға жеткен екен. Оның ішінде, нақты жұмыс жасап тұрғандары - 20158 нысан. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,4%-ға өскен. Айта кету керек, облыс бойынша жұмысын дөңгелеткен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 48,7 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде. Бұл дегеніміз облыс орталығындағы кәсіпкерлердің белсенділігін көрсетеді.
Елбасы жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында және мемлекеттік бағдарламаларында кәсіпкерлік саласына үлкен басымдық беріп, ел қазынасы осы сала арқылы дамитынын оқтын-оқтын айтып отырады. "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Жолдауында және "Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" атты халыққа Үндеуінде де бұл бағытқа аса мән берілді. Сондықтан болар, халықтың кәсіп бастап, бір істі дөңгелетіп әкетуіне ешқандай кедергілер жоқ. Тек ниет пен біліктілігіңіз бар болса жеткілікті.
"Елу пайызға жуық кәсіпкер облыс орталығында" деп ауыз толтырып айттық. Айналамыздағы өндіріс орындары, сауда-саттық алаңдары, азаматтарға қызмет көрсету сынды сан саланы қамтитын, әр түрлі мамандар топтасатын кәсіптік сала бүгінде отандастарымыздың жарқын өмір сүрулеріне сеп болып тұрғаны жасырын емес. Жүргізілген талдау нәтижесіне сәйкес 2018 жылғы 10 айдың қорытындысымен 2953 кәсіпкерлік субъекті тіркеліп, 3002 жаңа жұмыс орны ашылған екен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 45%-ға көп. Айтайық, өткен жылы 2030 кәсіпкерлік субъекті тіркеліп, 2154 жаңа жұмыс орны ашылған болса, қазіргі көрсеткіш көңіл көншітерлік. Жыл басында нақты жоспарлы көрсеткіштер қамтылған "Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты кент және ауылдық округтердің кәсіпкерлікті дамыту бойынша жол картасы" бекітілген болатын. Бүгінгі күні жол картасы аясында жалпы құны 4 млрд. 37 млн. теңгені құрайтын 212 жоба іске қосылып, 331 жаңа жұмыс орны ашылып үлгерген.
Бүгінде мемлекетке қол жайып, қол қусырып отырған халықтың қарасы аз. Себебі қалада жыл басынан бері кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен жалпы құны 4 млрд. 426 млн. теңгені құрайтын 59 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, жаңадан 807 жұмыс орны ашылыпты. Бұл дегеніміз - жеке тұлғалардың да өзіндік белсенді екендігінің дәлелі.
Ал, "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға" арналған бағдарламасы аясында қалада 477 млн. теңгені құрайтын 102 жоба шағын несиелендіру арқылы қаржыландырылған. Аталған көрсеткіш өткен жылдың қорытындысымен салыстырғанда 10 айдың өзінде 25 пайызға артқанын байқауға болады. Бұдан бөлек, ағымдағы жылғы 11 қазанда ауылдық елді-мекендерден құны 264 млн. теңгені құрайтын 63 жобаның құжаттары "Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы" микроқаржы ұйымына ұсынылып, жалпы құны 120 млн. теңгені құрайтын 42 жоба қолдау тапқан.
Бұл тізбектің қатарын толықтырып тұрған бағдарламалардың бірі "Бизнестің жол картасы 2020" бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында 2018 жылы 55 жоба ұсыну жоспарланса, қазіргі таңда "Өңірлік үйлестіру кеңесінен" 3 млрд. 171 млн. теңгені құрайтын 52 жоба қолдау тауып, жұмыс жасалынып жатқаны қуантады.
Қалаға қарасты ауыл-аймақтардағы ахуалдарда басты назарда. Ауыл тіршілігіне бейімделіп қалған халық өздеріне ыңғайлы кәсіп бастау үшін қарекет қылған. Биылғы жылы Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты елді мекендерден қайтарымсыз грант алуға құны 426 млн. теңгені құрайтын 171 жобаның құжаттары конкурстық комиссия қарауына ұсынылып, жалпы құны 63 млн. теңгені құрайтын 52 жоба мақұлданған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 23 жобаға немесе 55,7 пайызға артық. Оған қоса, жыл басынан бері облыстық кәсіпкерлер палатасы тарапынан қала кәсіпкерлеріне 648 млн. теңгені құрайтын 216 бизнес-жоспар әзірленіп, оның ішінде 135 млн. 200 мың теңгені құрайтын 27 жоба жүзеге асырылып жатыр. Өз кәсібін жүргіземін деген азаматтарға "Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы" арқылы 2229 қызмет көрсетілген екен.
Қуантарлығы сол, белгілі бір кәсіп ашылғаннан соң азаматтар жұмыспен қамтылып, жұмыссыздар қатары сирей бастайды. Қаншама жұмыс орны тұсауын кесіп, бизнес бәсекесінде, нарық бәйгесінде тетелес жарысып келеді. Ал, олар "қанша отандасымызға жұмыс ұсына алды, қанша қандасымыз тұрақты жұмыспен қамтылды?" деген сауалға да жауап таптық. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бойынша жыл басынан бері 7214 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 5206 азамат шағын және орта бизнес құрылымдарына орналастырылған. Сонымен қатар, кәсіпкерлік негіздерін оқыту бойынша "Бизнес-Кеңесші" жобасында 210 адам, ал "Бизнес-Бастау" бағыты бойынша 80 адам оқытылған.
Қай істе болмасын, бағыт-бағдар беретін білікті маман керек-ақ. Бүгінгі таңда білікті кадрлардың өте қымбат тұратыны көпке мәлім. Десе де биылғы жыл қала кәсіпкерлері мен өз кәсібін жаңадан ашқысы келетін бастамашыларды кәсіпкерлік негіздеріне тарту мақсатында білікті тренерлер мен менторларды тарта отырып, семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер өткізу үшін қалалық бюджеттен 2 млн. 101 мың теңге бөлінген. Сол арқылы қызылордалық кәсіпкерлер өздеріне керек ақпарат алып, жетістікке жету жолдарын жетік меңгеруге мүмкіндік алды десек болады.
Соңғы кездері халықтың көбі байқап жүрген де болар. Үкімет жастарға ерекше көмек көрсетіп, кәсіп бастауларына мол мүмкіндіктер ұсынуда. Үстіміздегі жылы қала тұрғындары мен жастарын кәсіпкерлікке баулу мақсатында "IQ Business, жастар кәсіпкерлігін қолдау және дамыту", "Start up Bolashak: Менің арманым" жастар бизнес-жобалары конкурсы, "Ауылдық елді-мекендерде кәсіпкерлікті дамыту көздері", "Заманауи жас кәсіпкер", "Мемлекеттік грант-бизнесті бастаудың тиімді жолы", "Бастауыш кәсіпкерге бағдар", "Бизнестегі стратегиялық жоспарлау және уақытты басқару", "Кәсіпкерлік саласындағы тапсырылатын есептіліктердегі өзгерістер мен толықтырулар" тақырыптарында түрлі шаралар жас кәсіпкерлерге жігер берді. Көбі идея алып, өзгелері өзіне керекті мағлұматтарды осындай басқосулардан біліп жатты. Не дегенмен де нарық халық үшін қызмет жасауы үшін жастар да кәсіптік салаға бел шеше кіріскендері абзал.