Оқушылар ұлттық тестті 4 рет тапсыра алады
15 жылдан бері білімнің өлшемі болып келген ұлттық тестілеу форматы тағы да өзгермек. Білім сынағы бұл жолы оқушылардың білімін ертерек сарапқа салуға мүмкіндік береді. Енді 11-сынып оқушылары ұлттық бірыңғай тестілеу сынағын 4 мәрте тапсыра алады. Әрине, ақылы негізде. Бұл қалай болмақ?
Өзгеріске орай ҚР Білім және ғылым министрлігі арнайы заң қабылдамақ. Сөзбе-сөз қайыратын болсақ, бас педагог Ерлан Сағадиев жаңа форматтағы ұлттық тест турасында мынадай ақпар дерек келтірген еді.
- Келесі жылдан бастап ҰБТ жыл ішінде қаңтар айында басталып, бірнеше рет өткізіледі. Бұл мектеп түлектері үшін ақылы негізде оқуда шартты түрде түсуге мүмкіндік беріледі. Жоғары оқу орындарында шетел азаматтарының оқу жылы кезінде оқуға қабылдау мүмкіндігі қарастырылады. Тағы бір айтарым, шетел азаматтары, соның ішінде қазақ диаспорасы үшін стипендиялық бағдарламалар енгізілмек. Мұнан өзге магистратураға қабылдаудың жаңа моделі енгізілуде. Оның негізі бакалавриатқа қабылдау моделіне ұқсас. Сондай-ақ магистратурада гранттар студенттерге беріледі және жоғары оқу орындарын таңдау мүмкіндігі болады",- деді Е.Сағадиев.
Сағадиев санамалаған өзгерістің біріншісі - тестті қайта тапсыру. Екі тоқсанды аяқтаған түлектер қаңтар айында ұлттық тестілеудің бірінші сынағына қатысады. Тесттен сүрініп, межелі ұпай еншілей алмаған түлектер наурыз айында қайта тапсыра алады. Тек екі сынақтың нәтижесі ақылы оқуға мүмкіндік береді. Қалған екі тест оқушылардың мемлекеттік грантқа түсу не түспеуін анықтайды. Сынақ ақылы түрде. Бағасы 2242 теңге. Әрине, бала үшін барын беретін ата-ана үшін бұл қаржы түк емес. Бастысы - баланың білімін анықтау, қалаған оқу орнына түсіру.
Ұлттық тестілеудегі өзгерістерге қатысты екіжақты пікір әлеуметтік желіде желдей есіп жатыр. Бірі тестті қайта тапсыру баланың ұлттық бірыңғай тестілеуге деген жауапкершілігін төмендетеді, әрі оқу деңгейі әлсіреп кетеді деген ой білдірсе, ендігі бір қауым ұлттық тестілеудегі дүрбелең, түлектердің баға үшін таласы тоқтайды. Себебі бір емес, бірнеше мүмкіндіктің берілуі тестілеуді ашық етеді деп есептейді. Әрине, бала тәрбиелеп отырған әрбір ата-ана не баланың өзі тестті тапсыру не қайта қатысу еркіндігін өзі шешеді. Яғни, міндетті сынақ тек бір рет қана жүргізіледі. Десе де, мемлекеттік грантқа қабілетім жетпейді деп ақылы оқуға таңдау жасайтын түлектер үшін қайта тапсыру мүмкіндігі биыл ғана қолға алынды.
Айта кету керек, ЖОО-ға уақытша тіркелген және бірінші семестрді аяқтап жатқан студенттер де қайта сынақ тапсыру мүмкіндігіне ие. Бұл тестілеуден студент білім алып жүрген оқу орнына ресми тіркелу үшін және ЖОО-дағы оқуын жалғастыру үшін өтеді. Егер студент шекті балл, яғни 50 балл жинай алмаса, оқудан шығарылады.
Мамандар ендігіде ұлттық тестілеу форматында өзгеріс болмайды. Тек сұрақтар жаңаланатынын ескертеді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің "Мұрагер" мектебіндегі филилалының басшысы Асқар Еңсеповтың айтуынша, сұрақтар ой дағдысына мән беріледі, өмірге қажетті сұрақтарға негізделеді.
- Ендігіде тестілеу сұрақтары тек сан не жеке бір тұлғаның өмірі немесе мысалдар емес, нақты кейінгі өмірге қажетті сұрақтарға бағытталады. Мұны функционалдық сауаттылық дейді. Балалардың ойлау қабілетіне қарай сұрақтар даярланады,- дейді филиал басшысы.
Асқар Әлиұлы сынақты қайта тапсыру балалардың ұлттық бірыңғай тестілеу алдындағы қорқынышын азайтады деп есептейді. Себебі бірінші сынақтан-ақ аудиторияның тәртібі, кітапшаны толтырудың ережесін меңгереді. Ал, екінші сынақта бала өзіне сеніммен қарай, уақытты да басқара алады. Ақы төлегендіктен жауапкершілік баланың өзіне жүктеледі. "Бұл жыл сайын дау болатын тестілеудің кейбір сұрақтарына жауап ретінде танылмақ" деп ой бөлісті.
Филиал басшысы сынақ алдындағы сынақ кітапшасын бұдан былай мұғалімдерге емес, ата-аналар комитеті мен баланың өзіне берілетінін жеткізді. Себебі осы кезге дейін мұғалімдер баладан ақша жинап, сынақ кітапшасын сатып алады деген әңгімелер білімге жауапты мамандардың құлағына жетті. Мұғалімнің беделін түсіретін осы әңгімеден арылту үшін тестілеу орталықтары жеке ата-аналар комитетімен жұмыс жүргізуді бастап кетті.
Қысқасы, ұлттық тестілеу науқанында ұлардай шулап, ата-ана қарсылығын түбегейлі жоймаса да, сынақтың бірнеше мәрте берілуі бала үшін бағытын анықтап, кемшілігін білуге септеседі. Әрі жаңаланған сұрақтар баланы жаттанды оқуға емес, ой-дағдысына жетелеуі білімдегі бұл эксперименттің дұрыс екенін айғақтайды.