«Жыр – әннің елі, Тұранның төрі - Қызылорда»
Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы аясында мазмұнды іс-шаралар, бейнелі жиындар, ойын-сауық кештер ұйымдастырылды. Шаһардың қос ғасырлық мерекесіне орай жаңа нысандар мен орталықтар ашылды. Әрбір аудан жұртшылығы мерейтой құрметіне орай мерекелік концерттерді жер-жерде өткізді. Гала-концерт, спорттық шаралар, әлеуметтік бастамаларға толы болған 200 жылдық мерейтой қорытындыланды.
А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде өткен қорытынды кешке облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.
Өнер өлкесін жыр мен әнге бөлеген ҚР Мәдениет қайраткері Руслан Ахметов және шәкірттері: Нұрболат Темірбай, Айбек Шүкіров, Жұлдызай Тұрлығұлова, Ізбасхан Дәулет өнерін көпке паш етті.
Кеште сан жылдардан бері тыңдаған, құлақтың құрышын қандырған Махмұтбай Әміреевтің сөзіне жазылған Тәңірберген Қалауовтың «Қызылорда вальсі» әні орындалды.
Иығына алтын күнді қондырып, бесігіне күміс айды тербеткен тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын жұлдыздар да мерекелік кештің көркін қыздырды.