ҚЫЗЫЛОРДАДА КЕЛМЕНБЕТ БАТЫР САЯБАҒЫ ЖАҢҒЫРТЫЛДЫ
Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы аясында жаңғыртылған Келменбет батыр саябағының ашылуы мен Қармақшы ауданы шығармашылық ұжымдарының мерекелік концерті өтті.
Келменбет батыр ескерткішінің айналасындағы аумақ абаттандырылды – көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, шамдары жаңартылып, брусчатка төселді және бордюрлер қойылып, орындықтар орнатылды. Жөндеу жұмыстары демеушілер көмегімен жүргізілді.
Сондай-ақ, бүгін А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде ауданның шығармашылық ұжымдарының концерті өтті. Онда қазақтың халық әндері, ұлттық билері, әлемдік классикалық музыканың озық үлгілері орындалды.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев қайта жаңғырту жұмыстарымен танысып, Қармақшы ауданының қоғам қайраткерлерімен кездесті.
Естеріңізге сала кетейік, қала мерейтойына орай Қызылордада аудандардың шығармашылық ұжымдарының концерттері және жаңғыртылған нысандардың таныстырылымы өткізілуде.