ҚАРЫШТЫ ҚЫЗЫЛОРДА ЖАҢА ҚАРҚЫНМЕН ДАМУДА
Дамыған Сыр елін тілге тиек еткенде алдымен демографиялық ахуалды айтар едім. Даму дегеннің өзі сонда. Статистикаға сүйенсек, соңғы бесжылда Қызылорда облысы бала туу санының көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда. Соның ішінде егіз балалардың дүниеге келуі бойынша бірінші орында тұр. Демек, балабақша мен мектептер көптеп салынып жатыр деген сөз. Былтыр облыс бойынша 200 әлеуметтік нысанның қолданысқа берілуі соның дәлелі. Кәсіпкерлік саласындағы ілкімді өзгерістер де қуантады. Кәсібін дөңгелетіп, өңір дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді. Сыр маржаны – күріш шаруашылығы, ет, сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған мал шаруашылығы заман үдерісімен жаңа технологияларды тұтыну үстінде.
Кейінгі бесжылдықта аймағымызда ерлер жейдесін, аяқ киім шығаратын кішігірім фабрикалар пайда болды. Сапалы дүниелер шет мемлекеттерге де шығарылып үлгерген. Сыр ғалымдары күріш қауызын да ысырап етпей, арболит тәрізді құрылыс материалын жасап жатыр. Жас ғалымдар шоғырланған Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың физика-химиялық инженерлік бейіндегі зертханасы бүгінде аймақтың ғана емес, Алматы, Павлодар, Атырау сынды бірнеше қалалардың да тапсырысын орындап келеді. Қарапайым қоспалардан тұрмысқа қажетті дүниелерді жасап шығаруға сол білім ордасының студенттері де машықтанып алған. Қызылордаға ат басын бұрған меймандар алдымен «Қалаларың неткен тап-таза!» деген сөзді айтады. Рас, тазалық сақтау мұндағы тұрғындардың басты әдетіне айналған. Сыр еліне келген француз азаматының біздегі тазалыққа қатысты пікірі бірер жыл бұрын ғаламтор бетін жаулады емес пе? Бой көтерген жаңа үйлер сұлу Сырдың сол жақ жағалауынан да қылаң бере бастады. Қала үлкею үстінде.
Тарихты парақтасақ, бұл маңнан алыптардың ізін көреміз. Қазақтың мұның жоқтаған Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» романы да осы шаһарда аяқталған еді. Қазақтың тұңғыш театры да осы жерде дүниеге келді. Талай тарихтың куәсі болған Сыр өңірі осындай игі істерімен тек алға басып келеді. Екі ғасыр жасаған сүйікті шаһарымыз дами түссін, өркендей берсін деген ізгі тілек қана бар!
Сағира Уәлиева,
қала тұрғыны