БІЛІМ МЕН БИЗНЕС БІРІКСЕ...
Жақында облыстық еңбек форумы ұйымдастырылды. Жұмысшы мамандарының басын қосқан жиында аймақтағы барлық колледждердің студенттері жоба қорғап, идеяларын ортаға салды.
Айталық, М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжінің студенті Мейрамбек Маратұлы механикалық автокөліктің жарықтандыру құрылғысын жасап шығарған. Ол автокөліктердің тұрақты жарықтандыру үшін аялдама немесе тоқтап тұру кезінде қосылатын дабылдық шамдарды және аспаптар қалқанын жарықтандыру жүйесін автоматтандыруға мүмкіндік беретін сынама құрылғы жасаған.
Жас мамандар ауыл шаруашылығына да қажетті техниканы өздері жасауға көшкен. Мәселен, Сырдария аграрлы-техникалық колледжі студенттері саяжай соқасын көрмеге ұсынуды дұрыс көріпті. Сағатына 1 литрге жетпес жанармайды қажет ететін соқа шығынды әлдеқайда аз кетіреді, әрі еңбек өнімділігіне едәуір пайда әкеледі. Болашақта жастар өзге де техника түрін өндіріске сынап көрмек.
Ал, М.Ықсанов колледжінің студенттері бос шөлмектерді пайдаланып, жайлы демалыс бұрышын жасаған. Қаңылтыр қалдықтарды кәдеге жаратқан студенттер 200 литрлік бөшкенің 6 данасынан диван пішіндегі демалыс бұрышын жасап, көптің көзайымына айналды.
Көпшіліктің көзіне түскен тек бұл жобалар ғана емес, С.Ысқақов атындағы Құрылыс және бизнес колледжінің өндірістік оқыту шебері Әділет Жүсіпов студенттермен бірге телефон арқылы басқарылатын ақылды үй жобасының тиімділігін сөз етті. Жобаға жігіттер "Smart Home" деп атау берген. Басты ерекшелігі электр энергиясын смарт арқылы басқаруды, төтенше жағдайларда үй иесіне смарт арқылы хабарлама жібере алады.
- Қызмет бабымен басқа қалаға кетіп қалсаңыз, үйіңізге сырт адамның бейнесі сіздің телефоныңызға бейнекамера арқылы түседі. Ол үй ішіне кіріп, камераны өшіріп тастаған жағдайда да барлық әрекеттер сіздің телефоныңызға сақталады. Тағы бір жақсы тұсы, үйдің қауіпсіздігіне симулятор арқылы сіздің көлеңкеңізді сырт адам көріп, үйде бар деп ойлай алады. Яғни, бұл қауіпсіздік үшін аса қажет. Бағдарламаның нарықтағы құны 800 мың теңге. Біз өзіміздің идеямыз арқылы құрылғыны 100 мың теңгеге жасап шығардық,- дейді Әділет Жүсіпов.
Ал, Қазалы агротехникалық колледжі арнайы әкелген квадрацикл мойын бұрып қарауға итермеледі. Бірінші курс студенті Мағжан Асылбек интернет арқылы төрт бірдей бөлшектен көлік құрастырған.
- Әртүрлі көліктердің құралдарын бір-біріне пайдаланып, квадрациклді жасап шығардық. Әрине, жетілдіретін тұстары жетерлік. Бірақ, биылғы жылдың жаңалығы біз үшін осы қолданбалы квадрацикл болып отыр,- дейді өнертапқыш.