43 МЫҢ ТОННА КӨМІР ҚАЖЕТ
Қыс түссе көмір проблемасы алдан шығады. Жылу маусымына аяқ басқан шақта көмір тапшылығын болдырмау маңызды. Қызылорда қаласы бойынша тұрғындарды қатты отынмен (көмір) қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Мамандардың айтуынша, қалаға қажетті көмір шамамен 43 мың тоннаны құрап отыр. Оның 42 мың тоннасы тұрғындардың қажеттілігіне, 923 тоннасы әлеуметтік нысандар үшін қажет.
Бүгінде әлеуметтік нысандарға қажетті 923 тоннаның 319 тоннасы алынған. Бұл көмір қоры қаңтар айына дейін жеткілікті деген ақпар бар. Десе де, қала тұрғындары өздеріне қажетті 42 мың тонна қатты отының 34 мың тоннадан астамын үйлеріне жеткізіп алды. Бұл шамаммен 82% құрайды.
Негізінде қалада көмір саудасымен айналысатын 4 орын бар. Соның ең көлемдісі және халықтың сұранысы жоғары "Бек" жеке кәсіпкерлігі.
Қазіргі таңда ЖК "Бек" қоймасында 5 вагон көмір бар. Көмір саудасымен айналысатын келесі орын "Бахадуров" ЖК қоймасында 1 вагон тас көмір бар. "Олжас-2005" ЖШС-ы қоймасына 1-2 күн шамасында 2 вагон көмір жетеді.
Ал, "Қызылорда - Отын" ЖШС-і қоймасында бүгінде 9 вагон тас көмір бар.
Мамандар қатты отын көлемі қала халқының сұранысын қанағаттандыруға толық жеткілікті дейді. Дегенмен, көмір базарларында орын алып жатқан кезек мәселесі қалаға жақын орналасқан Жалағаш, Сырдария, Шиелі аудандарынан қалаға келіп көмір алушылардың көптігінде болып тұр. Осының салдарынан, қала мен аудан тұтынушылары кезекке тұрып алуға мәжбүр.