«ОҚУШЫЛАРЫМ АВТОМАТТАНДЫРЫЛҒАН РОБОТ ЖАСАП ШЫҒАРДЫ»
Қызылорда қаласындағы робототехника үйірмесінің жетекшісі Раушанбек Сариев қызылордалық оқушылардың робототехника бағытындағы қарқыны мен жаңашыл жобалары жөнінде сұхбат берді.
- Раушанбек Әбілдәұлы, қазір жер әлем ІТ бағыттың игілігін сезінуге асығуда. Түрлі технологиялар арқылы бәймәлім жаңа жобалар өмірге енуде. Робототехника бағыты алға шықты. Бұл үрдіске біз қаншалықты дайынбыз?
- Цифрландырудың қарқыны тым қатты екеніне келісемін. Алайда, біз ақпараттық технология, робототехника бағыты бойынша көрші Ресейден 5-6 жылға қалып қойып отырмыз. Бұл шындықты айтуға тиіспіз. Көрші Ресейде балаларды робот құрастыру, автомотизация бағытына бейімдеуде үлкен жүйе қалыптасқан. Мәселен, робототехника сайысы бойынша олар ұлттық құрамаға бірігіп, өз командаларын қалыптастырып үлгерді. Жеке-жеке тренерлері, материалдық-техникалық базалары қалыптасқандықтан көптеген додаларда жүлде орнын бермей келеді. Өткен жылы халықаралық жарыста Ресей балалары әлемде робототехникадан бірінші орынды олжалап кетті. Ал, бізде ше? Қазақстанда робототехника бағытында бірыңғай жасақ жоқ. Бұл енді ғана қолға алынып келеді. Оның үстіне дербес білім беру ұйымдары өз алдына, орта мектептер өз алдына бала дайындап, сынақтарға қатысады. Мұндайда Зияткерлік мектептің балаларының мүмкіндігі жай мектептерге қарағанда әлдеқайда жоғары. Себебі қаржыландыру көзі мақсатты шешілген. Егер де қарапайым мектептер Зияткерлік мектептер секілді қомақты қаржыландырудан өтсе, орта мектептің білімдегі бәсі жоғары болатын еді.
- Бүгінде қанша бала техниканың тілін меңгеруге талпынып жүр? Жалпы оқыту сабағы ақылы ма?
- Қазір 40 бала тұрақты келеді. Мектеп жасындағы балалардың жас ерекшеліктері әртүрлі. Ең төменгі сынып оқушысы 3-сыныпта білім алады. Алғашқыда балалар техникалық модельдеу, модельдік жиынтықтармен жұмыс жасай бастайды. Кейін радиоэлектроника элементтерін меңгереді, келе-келе робототехникаға көшеді. Осы кезеңдердің бәрін толық меңгерген бала келешекте міндетті түрде инженерлік салаға таңдау жасайды. Себебі оның қабылдау деңгейі, ішкі қызығушылығы оқушы кезінен бастау алды. Ал, енді ақы мәселесіне келгенде әлеуметтік жағдайы төмен, әлеуметтік әлсіз отбасынан шыққан балаларға үйірме тегін оқытылады, қалған оқушыларға ақылы ұйымдастырылады. Бір айлық оқыту сабағы 3-5 мың аралығы. Ата-аналардың өздері кейде тегін ұйымдастырылады дегенде кері бұрылып кетіп қалған кездер де болған.
Неліктен ақылы екенін де айта кеткен жөн. Балалардың қолындағы конструкторлар, датчиктер, қажетті құрал-жабдықтарды қажетіне қарай алу үшін қаржы керек. Балалардан түскен ақшаға осы заттарды сатып аламыз.
- Раушанбек аға, ақшасын төледім болды деп баласың сүйреп апаратын ата-аналар көп пе? Баланың икеміне қарай қабылдайсыз ба?
- Әрине, мұндай оқиғалар болған. Дегенмен баланы қызықтыру керек. Мен алдыма келген балаға әуелі барлық конструкторлар мен құрылғыларды шашып жіберіп, жаны қалаған затты жасап шығуын талап етемін. Сонда баланың қарымын байқайсың. Кейбір балалар сәулет дизайнына қызығады, кейбірі робототехникаға бейім келеді.
- Робототехника дегенде тек робот шығару ісі деп түсінетініміз жасырын емес. Маман ретінде айтыңызшы, робототехниканың тағы қандай бағыттары бар? Бала нені білу керек?
- Робототехника дегеннің өзі алғашқы техникалық моделдеу деген сөз, яғни модельдерді жасау. Робототехниканы білу үшін математика, физика, электротехника, радиоэлектрониканы жақсы түйсіну керек. Әрбір траекторияны, әрбір дөңгелектің диаметрін есептей білуі шарт. Осының барлығы робототехниканы құрайды. Робот деген чехтердің сөзінен "раб-құл" деген мағына береді. Бізде құлтемір деп аударады. "Адамның құлы" деген мағына береді. Физикаға икемі бар, техникаға жақын бала робототехникаға бейімделеді.
- Оқушыларды робототехника әлеміне қызықтыратын үйірменің жетекшісі қызметін атқарасыз. Жаныңызға ілескен оқушылардың қарым-қабілеті қалай?
- Балдардың ынтасы жақсы. Небір дүниелерді жасауда. Кейде біздің ойымызға келмеген идеяларды ойлап табады. Жақында Алматы қаласындағы мектеп оқушысы Қытайға барып, робототехникадан І орын алып келді. Қазақстанда балалардың робототехника сайыстарын ұйымдастыруды Казроботикс федерациясы қолға алады. Барлық балалардың қаржылық шығындарын федерация қолға алады. Яғни жыл сайын робот құрастырып, жоба жасаған балалардың қарымын бағалауда федерацияның байқауларының берері мол.
- Оқырманға қызық болар, роботтарды құрастыру ісінде қандай кезеңдерден өтесіздер? Осы бағытқа енді бейімделіп жүрген жастар істі неден бастауы керек?
- Балаларды ешқашан шектеген емеспін. Оқушыларым автоматтандырылған робот қол жасап шығарды. Жасанды интеллект арқылы басқарылатын робот қол буынының қимылын жасайды, заттарды түр-түсіне қарай іріктейді. Сонымен қатар балалар жылжымалы метеостанция жасап шығарды. Ол адамның аяғы жетпейтін жерлерде бара алады. Ауа-райының ылғалдылығын, радиацияның былғануын, ауаның ластану деңгейін зерттейді. Мұнан өзге "ақылды жылыжай", "ақылды үйлер" жобасын жасап шығардық. Бұл тек кішігірім жоба ғана. Егер де қалталы кәсіпкерлер қызығушылық танытып, жобаларға қаржы құйса, роботтарды өндіріске енгізуге болады.
Сұхбаттасқан
Абай ТАҒЫБЕРГЕН