"Қорқыттың даналық сөздері" кітабы 3 тілде шықпақ
Жақында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы Талғат Маханов журналистермен кездесті. Еркін форматта басқосу өткізген басқарма басшысы ішкі тұрақтылық, ақпараттық саясат пен діндегі ахуалды жіпке тізді. Әлеуметтанушылардың зерттеуін есепке алған Талғат Толыбайұлы аймақтағы саяси-әлеуметтік ахуалдың бірқалыпты екеніне сендіріп отыр. Мұнан өзге, билік пен журналистердің өзара байланысы, ақпараттық сегменттің ашық болуына жұмыс жүргізуді қолға алған басқарма жыл соңына дейін түрлі жобаларды қолға алмақ. Тіпті тың жоба ретінде саналып отырған бірқатар жобалар басталып та кеткен.
- Жыл аяғына дейін "Туған жерге тағзым" акциясын ұйымдастырамыз. Сонымен бірге бүгінде "Қорқыттың даналық сөздері" атты кітаптың қазақ, орыс тіліндегі нұсқасы дайын. Ендігі кезекте ағылшын тіліндегі нұсқасы аударылып жатыр. Бұл кітап АҚШ пен Еуропа мұрағаттарынан алынған, тың материалдардың топтамасы болғалы тұр. Баспаға беру жұмыстары өз кезегін күтіп тұр. Мұнан өзге, Қызылорда облысындағы тарихи және мәдени ескерткіштер мен өңірлік тарих туралы оқулық әзірленбек. Бұл жоба бойынша бейнемұрағаттарда сақталған Сыр өңірінің тарихына, мәдени ескерткіштеріне бейнекөріністер жинақталып бітті,-дейді Талғат Маханов.
Басқарма басшысы білім саласында да жобалардың қолдау тапқанын ашып айтты. Спикердің сөзіне сенсек, оқытушылардың шығармашылық белсенділігін арттырып, ұстаз мәртебесін рухани деңгейге көтеру мақсатында "Ұстаз интеллектісі - рухани тәрбие айнасы" атты облыстық интелектуалдық керуені ұйымдастырылмақ. Бұл аймақта алғаш қолға алынған жоба болғалы тұр. Сонымен бірге "Рухани жаңғыру" идеясын іске асыру оны жастарға насихаттауда әрбір мектеп сыныптарында қосымша рухани жаңғыру сабақтары жүргізілмек.
Талғат Толыбайұлы кездесуде тілдік сауаттылық, діни тұрақтылық, ақпараттық қауіпсіздік, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуеті мен ономастика бағытындағы мәселелердің мазмұнын ашты.
Абай Тағыберген