«Қорқыт ата туралы жоба жасағым келеді»
Оқушы кезінен өнертапқыш атанып, электронды тоғызқұмалақ идеясын іске асырған қызылордалық өрен Бағлан Төлебай бүгінде жас аниматор ретінде көпке танылып жүр. Оқи жүріп, ізденіске бет бұрған оның идеясынан шыққан жобалар республикалық байқауларда жүлдегер атануына жол ашып беруде. Алматыда оқу мен қызметті қатар атқарып жүрген Бағланды әңгімеге тартып, анимация саласындағы бүгінгі бетбұрыстарды сұрадық.
- Бағлан, бұрын оқушы ретінде сұхбат беріп едің, енді жас аниматор ретінде әңгімелесуге келіп отырсың. Бала кезінен компьютерге қызығып, анимация саласына жастайынан құмартқанынды білеміз. Қазір оқуынды аяқтауға бір жыл уақытың қалыпты. Нендей жобалармен айналысып жатырсың?
- Қазіргі уақытта Сүлеймен Демирел атындағы университеттің 4-курсының "Ақпараттық жүйелер" мамандығында білім аламын. Оқу процесі кезінде әртүрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, қабілетімізге қарай жүлдегер атанып жүрмін. Microsoft-тың Қазақстандағы жарысына қатысып, бас жүлдені иеленіп қайттым. Ол байқауда соңғы технологиялар арқылы ойын жасадық. Өзіңіз білесіз, оқушы кезімде тоғызқұмалақ ойынының электронды нұсқасын шығарған едім. Соның енді анимациялық топтамасы ойын ретінде құрастырып шықтым. Ойын қашықтықтан басқару арқылы әртүрлі қимыл-қозғалысты реттейді.
Оқуымнан бөлек, бүгінде "Қазақфильм" киностудиясында қызмет етіп жатырмын. Анимациялық мультфильмдердің 3Д аниматоры әрі продюсері ретінде бақ сынап жүрмін. Қазақфильмде тәжірибе жинай жүріп, "Мұзбалақ" атты жаңа мультфильм шығаруға атсалыстық. Жақын күндері Қызылордаға таныстырылымын өткізу жоспарда бар.
- "Мұзбалақ" мультфильмі несімен ерекше? Жанры қандай?
- "Мұзбалақ" толық метрлі көркем анимациялық фильмі адам мен бүркіттің достығын баяндайды. Тұрдыбек Майдан пен Тілек Тілеуқазы ағаларымыздың идеясынан шыққан тұңғыш фэнтези жанрындағы туынды. Шытырман оқиғалы анимациялық мультфильмде қазақтың саятшылық өнеріндегі бүркіт пен адамның байланысы жақсы түсірілді. Мен фильмнің менеджері ретінде осы "Мұзбалақтың" қазақ анимациясына жаңа жол салады деп есептеймін. Себебі бұл фильм "Диснейленд" студияларының технологиясы негізінде жасалды. Кейіпкерлердің әрбір эмоциясы, қимыл-қозғалысына жіті мән берілді. Бұл бұрындары шыққан "Тарзан" мультфильмінің сапасына сай келетін туынды болмақ. 65 минутты құрайтын мультфильмнің басты ерекшелігі - оның саундтрекпен шығуы. Оны елге белгілі музыкант Ұшқын Жамалбек деген ағамыз жазып шықты. Негізінде отандық мультфильмдерге саунтректер жазылмайтын. Бірақ "Мұзбалаққа" 3 бірдей саунтрек жазылды. Бұл әлемдік стандартқа сай келетін жанрға тән дүние деп есептеймін.
- Бағлан, өзің тәжірибелі аниматорлардың бел ортасында жүрсің. Осы саланың ішкі әлеміне ниет білдіріп жүрген жастарға мультфильм жасаудың қандай кезеңдерден тұратынын айтып берсең. Жалпы бір мультфильмді экранға шығару үшін қанша уақыт кетеді?
- Әрине, біз жаспыз. Осы салаға тереңірек бара қойған жоқпын. Десе де жұмыс барысындағы кезеңдерді көзбен көргеннен кейін, анимация жасау ісі оңай шаруа емес екенін айта аламын.
Мульфильм жасау үшін ең алдымен идея керек. Одан кейін суретші мультфильм идеясынан туындаған ойларды жеткізу үшін түсірілім зоналарын салып шығады. Яғни, оқиға қайда өрбиді, орманда, бақта яғни қоршаған ортаны таңдайды. Соған сәйкес кейіпкерлерді салып, оның қимыл-қозғалысын арнайы программа көмегімен басқарады. Бір мультфильмге мыңдаған анимациялық суреттер салынады. 1 секундта 24 кадр алмасады, ал жалпы жасалым 85 мың суретті қажет етеді. Одан кейін раскадровка деген дүние бар. Ол кейіпкерді көзге елестету арқылы кейіпкердің отырғаны, тұрғанын жасап шығарады. Осының барлығын біріктіре отырып мультфильмнің жұмыс тілінде черновой вариантын әзірлейді. Барлығы дайын болғанда ғана түрлі-түске ендіріп, түрлі эффектілермен көркемдеп, дайын етіп шығарады. Ең мықты аниматордың өзі мультфильмнің 1 минутын 1,5-2 айда бітіріп шығады. Міне, сондықтан да мультфильм жасау ісі ұзақ процесті қажет етеді.
- Біздің елде анимация саласында қолдау, оны жарыққа шығаруда қандай да бір проблемалар бар ма?
- Көрерменге ұсынылғалы отырған "Мұзбалақ" мультфильмін жасауға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауы ерекше. Анимациялық фильмнің басты сценаристері жаңа бағытта, жаңа жанрда жұмыс істегендіктен, биліктің қаржыландыруы жеткілікті. Дегенмен, мен отандық туындыларды қолдау мәселесін айтар едім. Мәселен, Қытайда өз мультфильмдерін теледидар, БАҚ арқылы насихаттау өте жоғары. Олар шетелдік өнімдерді өз анимацияларынан биік қоймайды. Ал, бізде соңғы жылдары өз туындыларымызды прокатқа шығару шегеріліп қалды. Оның орнын "Дисней", "Марвел" студияларының мултиктері басып тұр. Әрине, бұл ретте көрермендердің де қолдауы керек. Өз өнімдерімізді қолдап, касса жинай алсақ, бұл келесі сапалы мультфильмнің жарыққа шығуына мүмкіндік береді. Сол себепті де 18 қазан күні "Мұзбалақтың" көрсетілімі болмақ. Оған халықтың қолдауын күтеміз. Бізде анимация саласынан гөрі шоу-бизнеске сұраныс көп. Себебі халық әншілердің өмірі мен оның басынан кешкен оқиғаларына қызығады. Сондықтан анимация саласы шоу-бизнесті басып оза алмай жатыр.
- Аниматор болу үшін мультфильм шығаруда арнайы бағдарламаларды қолданатындарды білеміз. Демек, аниматор болу үшін де ағылшын тілін білу маңызды ма?
- Әрине, маңызды. Қазақстанда тұратындықтан орыс тілін білу керек шығар, бірақ ғылым мен анимация ағылшын тіліне байлаулы. Себебі барлық техникалық құрал-жабдықтар, материалдар ағылшын тілінде. Оны қолдану үшін тілді меңгеру керек. Ал, анимация бағытында қазақ тіліндегі оқулықтар, құралдар жоқтың қасы деуге келетін шығар. Мен осы себепті келешекте анимация түсіру туралы арнайы портал ашқым келеді. Онда елімізге танылып үлгерген, тәжірибесі бар аниматорлардың жұмысын көрсету мақсатымда бар.
- Тағы да қандай жоспар бар?
- Негізінде анимация саласы Кеңестік кезеңнен бастау алады. Тәуелсіздік алған жылдары анимация түрлі сүрлеуден өтті. Бірде құлдырап, қайта қарқын алған кездерден өтті. Мен осы жанданған кезде осы лекке қосылып жатырмын. Өзімнің ортам өте жақсы. Ағаларымның қолдауымен біраз дүниелер жасауға талпындық.
Қараша айында "Күлтегін" мультфильмін жасап шығармақшымыз. Ол 3Д мультик болып енеді. Түркі халықтарының сол кездегі өмірі, қиындықтары туралы баяндалады. Мұнан бөлек, жаңа жобаларымыз да бар. Оның трейлері шыққан кезде хабарлаймын, әзірге құпия болып қалсын. Өзім Сыр елінде туғандықтан, Қорқыт ата туралы жобалар жасасам деген жоспар жоқ емес. Оны алдағы уақыт көрсетеді.
- Өз ортаңда биікке жетуіңе тілектеспіз. Сырдың атын шығарады деп сенеміз.
Сұхбаттасқан
Абай ТАҒЫБЕРГЕН