Рухани Жаңғыру
Бізге 200 жыл!
Сыр - Алаштың анасы
Туған күніңмен, Қызылорда!
Сыр елім - Жыр елім Қызылорда
Сыр сұлуы - Қызылордам

Жолдау ұстаздарды жаңа белеске жетелейді

 Ұстаздар туралы қоғамда ой көп. Екіжақты пікір, қарама-қайшылық, өзара бітіспес даудың да тақырыбына айналып үлгергені қашан. Қайтып айналып келуге тырыспадық. Әйткенмен, ел халқына қарата айтылған Елбасы Жолдауында ұстаздар мәртебесі арнайылап айтылды. Мұғалім мәртебесі туралы заң қабылдау бұрындары тек талас-тартыстың шеңберінен шыға алмай жүрсе, Президент пәр­мені арнайы заң шығаруға итермеледі. Оны Елбасы былайша түсіндіріп берген. 

- Бұл заң мұғалімдерді және мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлерін ынталандыратын барлық тетіктерді қарастыруы керек. Жүктемені қысқартып, қызметтен тыс тексеріс­терден арылту керек. Тыңдаңыздар, мұғалімдерге бүгінгі таңда барлық жұмыс жүктеле береді. Сайлауды өткізетін - мұғалімдер, үгіт-насихатты жүргізетін - мұғалімдер, бір шаруаны атқару керек болса - мұғалімдер… Ол үшін ешкім де оларға ақша төлеп жатқан жоқ. Оларды бұл жүктемеден арылту керек. Олар сабаққа дайындалып, тиісті уақытында жұмыс істеуі керек. Тынымсыз тексерістер де біт­пейді. Міне, заң осыларды тоқ­тату үшін керек,-деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Демек, келер жылдан бас­тап "Педагог мәртебесі" туралы арнайы заң бекімек. Жалпы мұғалім мәртебесі туралы заң шығару қажет пе? Заңның іске асу тетіктері қалай болмақ? Ресми құжаттың орындалуына мұғалімдер мүдделі ме? Салмақты сұрақтарға жауап алу үшін осы саланың мамандарының оймақтай ойларын   білген едік.


Ұлболсын МАХАНОВА, 

№264 мектеп-лицейінің директоры:

- Ұстаз мәртебесі туралы ой айтылғанда мен мынаны айтамын. Ұстаздың мәртебесінің биік болуы педагогтың өзіне байланысты. Себебі ұстаз қай бағытта болмасын, балаға үлгі болуы керек. Ол алдына келген балаға саналы тәрбие, сапалы білім бере алуы қажет. Яғни, кәсібилікпен қатар ұстаз ру­хани күш-қуат, ерік-жігер­дің иесі болғанда ғана мәртебесі артады. Біздер кейде ұс­таз­дың беделіне қатысты тым көп пікір айтамыз. Мұның бә­рі педагогтың жеке басына әсер етеді. Ұстаздардың мәртебесін көтеру туралы идея барлық ұстазға жігер сыйлайды деп ойлаймын. Себебі педагогтың жаны нәзік, әрі сезімтал. Жы­лы сөзге, мақтау-мадақтауға, шығармашылыққа жақын ұс­таздар қауымының енді мәр­те­бесі шегеленіп, мемлекет деңгейінде белгіленсе, ұстаздар да өзінің беделінің артуына күш салады. 

Мен ұстаздарды қолбала деп ойламаймын. Ұстаздың мәртебесі сенбілікке шыққаннан төмен болып қалмайды. Біз балаға тәрбие беретін қо­ғамның бір өкіліміз. Мектеп­тің ауласына келіп, қолыма күрек ұстап, терек еккенімді көрген оқушы тереңірек ойланады. Тәлімнің басы осыдан басталады. Сондықтан сенбілікке шығудың немесе қоғамдық істердің ортасынан табыл­ғаннан ұстаздың мәртебесі тө­мендейді дегенге аса келіспеймін. Яғни, педагог мәртебесін айқындап алу арқылы ұс­таздар төңірегіндегі түрлі ойлардан ажыраймыз деп ойлаймын. 

Ләззат ТӨЛЕГЕНОВА, 

№187 М.Шоқай атындағы орта мектебі

директорының орынбасары:

- Ұстаз мәртебесі жайында бұған дейін де айтылып келді. Дегенмен Елбасының "Педагог мәртебесі" туралы арнайы заң әзірлеу керек дегені шындығында біздерді қуантып тас­тады. Бұл ұстаздарды сайлау, санақ сынды науқандар, концерттер мен іс-шараларға қатысуды өз еркіне көшіру керек деген ойға жетелейді. Расында, ұстаз мәртебесінің төмен болуына қоғамның әсері де аз емес. Соңғы кездері бала мен ұстаз арасындағы қарым-қатынас, ұстаздардың ата-аналар алдында ойын ашық айта алмауы сынды жағдайлар педагог қауымның енсесін түсіріп жі­берді. Екі қоғамдағы ұстаз беделі екітүрлі болатыны белгілі. Дегенмен, Кеңес үкіметі ке­зін­де ұстаздарға деген сый-құр­мет, бедел-абырой туралы екі­нің бірі әңгімелемейді. Себебі тәртіп бәрінің де шешімі болды. Ал, қазіргі уақытта ұс­таз­дың беделі туралы түрлі пі­кір­лер ашық айтыла береді. Мі­не, осы "Ұстаз мәртебесі туралы заң" біржақты пікірлерді жоюға жол ашады. 

Мемлекет деңгейінде қамқорлық көрсетілгеннен кейін, ұстаз да соған лайық болуы керек. Мұғалімдердің арасында жүрдім-бардым, жауапкерш­і­лікті толық сезіне қоймайтын ұстаздар да бар екенін жасырмаймын. Елбасы осы заң шеңберінде сағат санын қысқарту керектігін тапсырыпты. Өз ісіне адал ұстаз ешқашанда са­ғатпен санаспауы керек. Ол бі­лім алуға келген балаға 40 ми­нут ішінде толық білімді бе­ре алмайды. Себебі мектепте да­рынды оқушылармен қатар түстен кейін оқуды қажет ете­тін балалар бар. Мұндайда ұс­таз бекітілген сағаттың шеңбе­рін сылтау етпеуі керек. Мұ­ның бәрі мұғалімнің кәсі­би­лі­гі мен қатар беделіне әсер етеді.

Мұғалім мәртебесі туралы заңда педагогикалық әдеп мә­селесінің өлшемдері болса деген ойым бар. Баламен қарым-қатынаста, әріптестік байланыста этикалық талаптарды сақтаудың нақты бір өлшемшарты жазылуы керек. 

Мұғалімдерге қойылар талап күшейсе деймін. Себебі соңғы уақытта жоғары оқу орнын бітіріп келіп жатқан тү­лек­тердің ізденісі кейде көңіл көншітпейді. Меніңше, мұға­лім­дік мамандығын ақылы оқытудың қажеті жоқ. Сонымен бірге мұғалімдік мамандықты жоспарлы түрде оқытуға көшу керек. Себебі қазақ тілі мен тарих пәнінің мұғалімі же­терлік. Есесіне, математика, орыс тілі пәндері мамандарының аздығы байқалады. Осы заң аталған мәселелерді шешуге тетік болады деп есептеймін.


Ләззат КИЗБАЕВА,

"Сыр еркесі" мемлекеттік 

балабақшасының 

тәрбиешісі:

- Тәрбие мен білімнің басы балабақшадан басталады. Яғ­ни, баланың танымы мен тәр­биесінің іргетасы балабақшада қаланып, мектепте жалғасады. Сондықтан да мектепке де­йінгі тәрбие бағыты педагогикада ерекше маңызға ие. Осыдан болар, Елбасы кешегі Жолдауында мектепке дейінгі тәрбиенің сапасын түбегейлі жақсарту туралы тапсырма жүк­теді. Яғни, педагогикада жаңа дағдыны қалыптастыру қажет деп атап өтті. Тәрбиеші ретінде баланың білімінен бұ­рын тәрбиесіне мән береміз. Себебі бүгінгі уақытта тәлім теориясында заманауи стандарттар енуде. Жаңа ойлау дағдысын қалыптастыру үшін баланы қызықтыру үшін тәрбие­ші жаңа элементтерді қолдану керек. Бұрын қағаздан қи­малар жасап, оны бала бейініне қарай түсіндіретін болсақ, қазіргі кезде балаға қызық болатын, оны жалықтырып алмайтын әдіс-тәсілдерді енгіземіз. Сол себепті де кейде идея іздеп, танымдық көкжиекті қалыптастыратын креативті сабақтар өтуге тырысып келеміз. Елбасы да осыны меңзеп отыр.

Президент мәртебе туралы айтқанда мұғалімдер мен қа­тар тәрбиешілердің де беделі хақында айтып өтті. Баласын балабақша берген әрбір ата-ана біздерге сеніммен қарайды. Егер тәрбиеші бала көңіліне бей-жай қарап, ата-анамен жылы қарым-қатынас құрмаса, оның бала алдында да, ата-ана алдында да беделі төмен түседі. Сондықтан тәрбиеші өз мәр­тебесін арттыру үшін үшжақты қарым-қатынас қағидасынан айналып өтпеуі керек. Біз­дің беделіміздің нақты заң жү­зінде енетініне өз басым қуа­нып отырмын. Бұл біздің алдағы уақытқа мотивация алып, шығармашылық өрлеуімізге жаңа баспалдақ болғалы тұр.


Зухра Мәди,

№11 мектептің мұғалімі:

- Ұстаз білім саласының бағбаны болғандықтан ұстаздарға "Ұстаз мәртебесі" туралы заң керек деп ойлаймын. Бұл заңда ұстазға қатысты тікелей қатысы бар барлық мәселелер шешілсе екен. Мәселен, педагогикалық нормалар жиынтығы (киім киісі, жүріс-тұрысы), мектептің материалдық жабдығы, ата-ана мұғалім арасындағы мұғалім мәртебесін көтеру керек. Мен жас ұстаз ретінде Елбасының біздерге, яғни ұстаздар қауымының еңбегін ескеріп, оның қоғам алдындағы беделіне қатысты арнайы заңды қабылдау керек деген шешіміне қолдау білді­ремін. Расында, ұстаз мәртебесі жиі айтылып жүргенімен, оның нақты бір тетігі жоқ еді. Енді, келер жылдан бастап педагог мәртебесі заңмен бекиді. Бұл педагогикаға енді ғана қосылған жас мамандарға стимул болары сөзсіз.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН. Педагогтар арнайы заңды қажет деп отыр. Бірақ ұстаздар арасында ол заңның қалай жазылатыны, қалай орындалатыны туралы ойлар да қылаң беруде. Дегенмен, пікірлер арасынан ұстаз беделінің артуына арнайы заңның бекігені мұғалім мәртебесіне көлеңке түсіретін жағдайлардың азаюына сеп болады дейді. Ендігі бірі, заң бекігенмен мұғалімнің өз кәсібилігі мен беделі өзіне ғана аян деген пікірге тоқтайды. Десе де, жаңа заң қоғамның интеллегенциясын қалыптастыратын ұстаздардың ел ішіндегі орны мен қызметін айқындап бермек. 


Абай ТАҒЫБЕРГЕН


11 қазан 2018 ж. 1 880 0

Күнтізбе

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Сауалнама

Сайттың жұмысын қалай бағалайсыз?