Рухани Жаңғыру
Бізге 200 жыл!
Сыр - Алаштың анасы
Туған күніңмен, Қызылорда!
Сыр елім - Жыр елім Қызылорда
Сыр сұлуы - Қызылордам

ҚЫЗЫЛОРДАДА ЦИФРЛАНДЫРУ ҚАЛАЙ ЖҮРІП ЖАТЫР?

Цифрландыру бұл адамның әрекеті арқылы жасалатын жұмысты сандық форматқа ауыстыра отырып, уақытты үнемдеу. Яғни қағаз толтыру, қажетті анықтама мен сервистік төлемдерді кез келген жерде интернеттің игілігін пайдалана отырып өз қажетіңізге жарату. Мә­селен, білім саласында ата-ана баланы балабақша кезегіне қою, мектепті таңдау және оқушыны өзге мектепке ауыстыру, электронды күнделік арқылы баланың бағасын бақылау тетіктерін көре алады. Ал, медицинада дәрігерге қа­ралу, жедел-жәрдем шақыру, онлайн диагнозды білу сынды саладағы жаңашылдықтарды уақытысында пайдалану. Мұнан бөлек, цифрландыру толықтай енсе, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй шаруашылығы, мұнай саласындағы бірқатар маңызды мәселелер уақытынан бұрын шешімін табады. Демек, цифрландыру халықтың өмір сапасын жақсартуы тиіс.

Негізінен, сандық трансформация Президент Жолдауында Үшінші жаңғыртудың желілік бағыты ретінде белгі­ленген. Осы себепті де 2017 жылдың со­­ңында негізгі 5 бағытты құрайтын "Циф­рлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы бекітілген-ді. Ол қандай бағыттар?

Әлбетте, алғашқысы - экономика са­лаларын цифрландыру. Бұл экономиканың барлық салаларын жаңартуды көздесе, екіншісі - сандық мемлекетке көшу ісі де елдегі тұрғындардың тұр­мыс­тық проблемаларын шешеді. Ал, үшінші бағыт - сандық Жібек жолын жүзеге асыру бастамасы шалғай жатқан ауылдарға интернет жеткізу, сол арқылы байланыстың желісін дамыту мін­детін мойнына алады. Мұнан бө­лек, адами капиталды дамыту кезеңі де айрықша маңызға ие. Бұл бірінші кезекте білімді жетілдіру, өзін-өзі дамытуға жетелеуден басталады. Ал, соң­ғысы - инновациялық экожүйені құру те­ті­гі жаңа идеялардың іске асып, бизнес пен ғылымды байланыстыруға жол салмақ. Қарап отырсаңыз, бес мін­дет­тің де басты түйісер жері - экономика. Ал, экономика жаңа деңгейге көтерілсе, халықтың тұрмысы түзеліп, жағдайы жақсарады.

Цифрландыру ісінде талай жылғы тәжірибелер сарапқа салынды. Озық идеялар мен игі бастамалар назарға алынды. Бұл осы салаға бас қатырып жүр­ген мамандар сөзі. Рас, қазір ел ішінде цифрлы Қазақстан қоғамын құ­ру бағытында әр аймақ сандық формат­қа көшудің жоспарын түзіп, тіпті арнайы жобаларды бастап та кетті. Бұл жәй айтылған сөз емес. Үкімет басшысының өзі де цифрландыру ісіне ең алдымен әкімдер жауапты деген-ді. Демек, аймақтар өз географиялық ерек­ше­ліктері мен негізгі тірек салалары арқылы салаларды цифрландыруды жыл басынан игеруге көшті. Соның бір мысалы ретінде, Қызылорда облысын алайық. Сыр елі жаһанданудың толқы­нымен келген ІТ сала арқылы цифрландыру жолында әрі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында "Smart city" тұжырымдамасын әзірледі. "Ақылды қала" деп ат беріп, халықтың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасайтын жоба ойлап тапты.

Ақылды қала деген не? Бұл күн­де­лік­ті осы аймақта өмір сүретін адамдардың тіршілігіне жарайтын бастамаларды қолға алудан басталды. Айталық, ақылды қалалардың элементтерінен "ақылды аялдамалар", қоғамдық көлік­ке электронды билет алу жүйесі, коммуналдық қызметтерді тұтыну деректерін онлайн жинақтайтын коммуналдық қызметтердің бірыңғай төлем құ­жаты, қауіпсіздікті күшейту және жол-көлік оқиғаларын азайтуға ба­ғыттал­ған интеллектуалды бейнекамералар жү­йесі ел өміріне еніп жатыр. Осы игі бас­та­маны "ҚазГерМұнай" мұ­най компаниясы да іліп әкетіп, облыс аумағында "ақылды кеніш" технология­сын енгізді және Қызылорда облысындағы атом өнеркәсібінің кен өндіру кә­сіпорындары сандық технологияны қолдану бойынша жұмыстарын бастап кетті.

Жалпы аймақта қолға алынған тек бұл жоба ғана емес. Қызылорда облысы әкімдігінің ситуациялық орталығы мамандарының айтуынша, Сыр елінде денсаулық сақтау саласында 6 жоба, білім беру бағытында 6 жоба, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында 6 жоба, көлік саласында 3 жоба, қауіпсіздік бағытында 4 жоба және биз­­несті дамыту ісінде 2 жобаға басымдық берілген. Алдағы жылдарға қарай ұзын-саны 50-ге жуық жоба әртүрлі бағытта ел өміріне дендеп енбек.

Елу жобаның күні бүгінге дейін іске асып жатқан бірнешеуіне тоқталайық. Басты саланың бірі - денсаулық. Бү­гін­де аймақта барлық денсаулық сақтау ұйымдары кешенді медициналық ақ­па­раттық жүйеге қосылып, 62 құжат түрі электронды форматқа көшіріледі деген ақпарат бар. Бұл ауқымды іспен қатар денсаулық паспорттарының 99,6%-ы электронды форматқа көші­ріліп, пациенттердің 29,1%-ы жеке кабинет арқылы электронды түрде медициналық қыз­меттерді пайдалануға мүмкіндік ал­ған. Тағы бір жоба - "Дамумед". Дә­рі­гердің қабылдауына жазылуға мүм­кіндік беретін мобильді қо­сымша қазір өңір тұрғындарының қызметіне жарап тұр. Уақыт оздырмайтын, әрі сенімді қосымшаның тиімді тетік болар күні алыс емес. Мұнымен қоса, сала мамандары жедел медициналық көмек бригадалары 100% GPS навигаторлармен жабдықталып, "Көмек" ақ­па­раттық жүйесінің іске қосылғанын ай­тып отыр. Мұның тиімділігі жедел жәрдем бұрын 17 минуттан келсе, енді­гі­сінде 13 минутқа дейін қысқарып отыр.

Ендігі бір жоба - облыстық медициналық орталықта ықпалдастырыл­ған оталау операция жүйесін орнату. Бұл жоба отаға дайындық уақытын 20%-ға қысқартуға мүмкіндік береді екен. Ауылдық не аудандық жерлерде орналасқан науқастарға жедел көмек көрсету, жол шығындарын жою және қашықтықтан онлайн диагноз қою мақсатында "Телемедицина" онлайн кеңес беру қондырғылары алынып қойған.

Медицина дегенде айналып өте алмайтын тағы бір кедергі бар. Ол - кезектің әлі де көптігі. Мұны жою үшін жергілікті билік алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарында кезекті күту уақытын қысқарту, медициналық қызметтердің сапасын арттыру және шағымдарды қыс­қарту мақсатында "Электронды тір­келу және электронды кезек" жобасына қаржы құйды. Бүгінге дейін 17 ме­дициналық ұйым тиісті жабдықтармен қамтылған.

Халық ең көп сауал тастайтын саланың бірі - білім саласы. Баласын оқы­тып отырған әрбір ата-ана үшін білім саласын цифрландыру жұмысбасты ата-анаға қосымша көмек болмақ. Мәселен осы оқу жылынан бастап мектепке дейінгі ұйымдар толықтай "Электронды балабақша" жүйесіне көшпек. Жүйе электронды түрде балабақшаға жолдама алу, төлемді онлайн түрде жүргізу, басқа балабақшаға ауыстыру, ба­ланың жеке деректерін сақтауға мүмкіндік береді.

Ал, орта білім жүйесінде "Күнделік" электронды журналын айтуға болады. Қызылорда облыстық білім басқармасы жанындағы "Дарын" облыстық қо­сым­ша білім беру орталығының "Ақпараттық технологиялар және баспа қызметі" бөлімінің меңгерушісі М.Мукеев "Күнделік" жобасы мектептегі ішкі мәселелерді шешуге септігін тигізіп отыр дейді.

- Электронды журнал арқылы мұғалімдер бағалауды жүргізсе, ата-аналар ба­ланың үлгерімі бойынша барлық ақ­паратты жүйе арқылы бақылайды.  Бұл қағаз түріндегі құжат айналымды 50%-ға, сабақтан себепсіз қалу фактілерін 50%-ға қысқартып, кеңсе заттарын 70%-ға үнемдеуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта мұғалімдерді 2129 планшетпен жабдықтау үшін облыстық бюджеттен қаражат қаралған. Онымен қоса, балалар мен жасөспірімдердің техникалық бағыттағы білімін дамыту, білім сапасын арттыру, шығармашылық белсенділігін, ойлау қабілетін кү­шейту мақсатында 92 мектеп роботехника кабинеттерімен, 9 студенттер сарайы мен 4 тірек мектеп 3Д-модельдеу комплектілерімен жабдықталып, жаңадан IT IMAQORDA ресурстық-әдістемелік орталықтың ашылмақ-дейді М.Мукеев.

Цифрландыру тек білім мен медицинаға ғана емес, өзге де салаларда ептеп еніп жатыр. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев осы бағыттағы отырыстың бірінде цифрландырудың қарқын алып, ІТ саласы дамыса экономика электронды экономикаға ауысып, электронды коммерция алға шығып, бизнес жаңа бағытта өркен жаяды дегені бар еді.

- Біздің еліміз экономиканың не­гізгі салаларына инновациялық өз­геріс жасауға басымдық берді. Әсіресе, негізгі тірек - энергетика мен ши­кі­­затқа, агроөнеркәсіп кешеніне, өнер­кәсіп, логистика және ақпараттық технологияға жасалды. Қазақстан экономикасы цифрландыру деңгейі бойынша 85 мемлекеттің арасындағы рейтингте 50-орында және цифр­лы экономиканың бастаушы тобына кіреді. Сарапшылардың бағалауы бойынша, цифрландыру нәтижесінде Қазақстан экономикасы 30 процентке ұлғайып, қаржыға шаққанда 2 трлн. теңгені құрайтын болады,- дейді Қ.Көшербаев.

Аймақта цифрландыру тек жобалармен шектелмейді. Қажетті кадр мәселесін де ретімен шешуге кірісті. Жергілікті әкімдіктің бастамасымен өткен жылдан бері ІТ саласын дамытуға арнайы әкім гранттарын бөлу, Ресей грантын тағайындау сынды жар­қын істердің желісі тоқтап қал­ған жоқ. Соның дәлелі ретінде 2018 жыл­ға бөлінетін облыс әкімінің білім беру гранттарының 70%-ы IT-мамандықтарға бағытталып отыр. Онымен қоса, жыл басында Татарстан Республикасына іссапар барысында "Иннополис" университетінде жыл сайын 20 азаматты IT мамандықтар бойынша оқытуға, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жыл сайын Қызылорда облысының мектеп бітіруші түлектері үшін 20 гранттың бөлінуіне келісім жасал­ған. Демек, ІТ саланың тізгінін ұстайтын мамандар легі дайындалуда. Ал, өңірде қалған жастардың технология­лық жобаларын қолдауға жаңадан ІТ парктің ашылуы жастардың тың жобалар ойлап тауып, ірі инновациялық конкурстар өткізуіне жол ашылмақ. Қазірдің өзінде ІТ парк базасында те­гін мастер-класст, meetup-тар ұйымдастырып келеді.

Қазір көп жұрт цифрландыру ісін ІТ саламен шатастырып жатады. Анығында, цифрландыру бұл бұрын бар саладағы қызметтерді электронды форматқа көшіру, яғни уақыт ұту, қолжетімділікті арттыру, үйден шықпай-ақ қызметтерді бітіру сынды міндеттерді атқара алады. Ал, ІТ бағыты жаңа идеяның ізімен адамзаттың дамуына жағдай жасайтын жаңа технологияны ойлап табу. ІТ саланың дамуымен нарыққа бұрын білмеген беймәлім ЗД принтер, жасанды интеллект, роботизация, мобильді банкинг сынды салалар дамиды. Келешектің экономикасына қажетті технологияларды Клаус Шваб "Төртін­ші өнеркәсіптік революция" атты кітабында кеңірек жазады.

Цифрландыру, ІТ саласы туралы әлі де жазылар дерек көп. Бір анығы, бүгінде әлем цифрлы жүйелерді дамытудың алдында тұр. 2020 жылға дейін әлемдік экономиканың 25 пайызы цифрлы экономикаға айналуы тиіс. Осы қарқынға жетуде жаһанның жуан елдері табан аудармастан қызмет етуде. Қазіргі дейін Оңтүстік Корея, Сингапур, Германия, Жапония, Щвеция, Дания, АҚШ, Италия, Бельгия елдері қара үзіп тұр.

Цифрлық технология жаңа ғасырдың мұнайы болмақ. Келешектің табыс жолы саналатын цифрлы мемлекет болу сапалы мамандардың бастамасы мен жаңа ізденістердің нәтиже­сін­де ғана іске асады. Ал, оның игілі­гін барлық өңір тұрғындары көре алады.

Абай ТАҒЫБЕРГЕН

08 қазан 2018 ж. 2 686 0

Күнтізбе

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Сауалнама

Сайттың жұмысын қалай бағалайсыз?