Қызылордадағы бассейні бар білім ордасы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға дейін жаппай дене шынықтыру мен спортпен айналысатындар санын 30 пайызға, соның ішінде балалар мен жасөспірімдерді 15 пайызға дейін жеткізу жөнінде тапсырма берген еді бір кезде. Әрине, балаларды спортқа ерте кезден тарту келешекте спорт саңлақтарын шығаруға, ең бастысы дені сау ұрпақ қалыптастыруға жол ашады. Алайда, бұл межелі міндеттерге жетуде аяқтан тартатын дүниелер аз емес. Мәселен, елдегі жүзу спорты. Жасырып-жабатыны жоқ, Қазақстанда балалардың жүзу жағдайы мәз емес. Мұның себебі мектепте оқушылар жүзумен айналыса алмайды, бұған мектептердің жағдайы көтере бермейді. Әрине, енді ғана салынған су жаңа мектептерге бассейн салу көзделіп жатыр. Бұл бір-екі жылдың шаруасы емес. Сондықтан да болар, су спортына футбол секілді қызығушылық жоқ. Бірақ жүзудің жағдайын реттеуге қауқарымыз бар. Мұны әлем елдерінің практикасына сүйеніп жасасақ, аз уақытта жетістікке бір қадам жақындай аламыз.
Суда жүзудің жайын бізден гөрі мамандардың айтқаны дұрыс. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Айдар Ахметов Қазақстанда су спортының толыққанды қалыптаспауының себебі балаларды ерте жастан үйретпегеннен дегенді алға тартады.
- Жүзудің бізде дамымағанының үлкен себебі - оның көпшілік сипатының жоқтығында, әрі жүзу секцияларының бағасы кез келгеннің қалтасы көтерердей емес. Оның үстіне ел бойынша бассейндер өте аз. Мектептер арасында, ары қарай республика деңгейінде балалардың жарыстарын жолға қою керек. Өйткені, бұл - көбіне мектеп жасындағы жасөспірімдердің спорты. Мен мұның табыс әкелетініне сенімдімін. Елімізде балаларға арналған жүзу жүйесі дамымай, Дмитрий Баландиннің табысы тек сирек кездесетін құбылыс ретінде қала бермек,-дейді спортшы.
Иә, суда жүзуден Дмитрий Баландин алтыннан алқа таққанын біз айтпай-ақ жақсы білесіздер. Дегенмен, елімізде Дмитрий секілді спортшының шығуына ұзақ уақыт керек. Мұны мектептен бастамасақ, жүзудегі жетістіктеріміз ілуде біреу болып қалмақ. Жетістік деп айтып қалдық екен. Мұны да жалғастыра кетейік. Дүние жүзінде суда жүзуден алдына жан салмайтын АҚШ, Қытай, Германия, Аустралия, Ұлыбритания, Франция елдері бүгінде алтынды жаудырып жатыр. Біз бұл мемлекеттердің қатарынан қашан көрінетіндігімізді дөп басып айту қиын. Алайда, тетігін тапсақ, мұны да еңсеруге болар.
Айдар Ахметовтың айтудай-ақ жөні бар, жүзуді мектеп табалдырығынан меңгерту қажет. Әйтсе де, біздің жағдайда көптеген мектептерте әлі күнге дейін бассейндер жоқ. Әлгінде бассейні бар бақытты балалар туралы айтқанбыз. Енді соған оралайық. Қызылорда қаласындағы №264 мектеп-лицей оқушылары өткен жылдан бастап оқу процесінде жүзуді меңгеріп жатыр. Аптасына бір мәрте суда жүзетін оқушылар мектепте іске асқан бассейннің арқасында ақылы орталықтарға баруды доғарған. Тақырыпты толық аша түсу үшін білім ордасына барып, мектеп директорына жолықтық.
Мектепте салынған бассейнді тұрақты түрде ұстап тұру үшін де қыруар қаржы керек. Мәселен, суды ауыстыру, судың тазалануына себілетін хлорлы дәрілердің уақытылы жасалуы әжептеуір қаржыны қажет етеді. Балалардың игілігіне қажетті бассейнді қалпында ұстап тұру үшін мектеп директоры Ұлболсын Маханова қаржылық қолдауды алыстан іздемеген. Өзінің бастамасымен жасалған жұмыстар бүгінде мектеп оқушыларының суда жүзуіне мүмкіндік беріп отыр. Директор бассейндегі суды тазалап тұратын арнайы дәріні алуға айына 120 мың теңгедей қаржы кеткенін ашып айтты. Оқушылардың біліміне мән берген басшылық тек оқуда ғана емес, спортта да белестен көрінуіне жол ашып берді.
Мектеп ішіндегі бассейнді біз де көріп қайттық. Ұзындығы 25 метр, ені 12 метр, тереңдігі 1,5-2 метрге жететін бассейнге Бауыржан Батырханов есімді азамат жауапты екен. Сабақ екінші тоқсанда басталған. Бассейнге кірерде оқушылар арнайы талапты толық орындап, медициналық тексеруден өтеді. Балалардың аяқ-алысын білу үшін пәнді беретін мұғалімдермен де жолықтық. Алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру пәнінің бірлестік жетекшісі Сабыр Әбдіғаппаровтың айтуынша, балалар аптасына бір мәрте суда жүзеді. Ата-аналар да мұндай мүмкіндіктің барына разы екенін айтып, балалардың ерте кезден суда жүзе алатынына қуанған.
- Орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес нұсқаудың жалпы ережелерінің ІІ тарауы "Денешынықтыру" пәнінің базалық мазмұнына енгізіліп, суда жүзу сабағы 5-10 сынып оқушыларына жүргізілуде. Бүгінде 1211 бала қамтылған, сондай-ақ үйірме сағаттары да ұйымдастырылуда. Бізбен бірге арнайы үйретуші оқушыларға жүзудің техникасын үйретіп жатырмыз. Сабақ болғасын баға да қойылады. Қауіпсіздік ережелері толық ескертіліп, дайындау жұмыстары жүргізіледі. Жылу температурасы нормаға сәйкес. Қазір бастауыш сынып оқушыларының ата-аналары балаларының суда жүзуіне қарсы еместігін білдіріп, дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне өтініш білдіруде,-деді Сабыр Әбдіғаппаров.
Қазір Қызылордада тек бір ғана мектепте, яғни №264 мектеп-лицейінде бассейн бар. Бар мәселе қаржыға тіреледі. "Алдағы уақытта мектептерге бассейн салу, оқушылардың суда жүзуіне жағдай жасала ма?" деген сауалмен Қызылорда облыстық білім басқармасына сұрау салдырдық. Нәтижесінде басқарманың ресми өкілі білім беру объектілері жанындағы бассейндер Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәйкес келуі тиіс. Сондықтан егер де аталған талаптарға сәйкес келген жағдайда ғана білім беру ұйымдарында жүзу бассейнін ұйымдастыруға рұқсат берілетінін айтады.
- Білім беру ұйымдарында балаларды жүзуге үйрету үшін ресми жағажайлары мен бассейндері жоқ елді мекендерге қаңқалы-модульдік бассейндер сатып алу аталған іс-шара жоспарында 2018-2019 жылдарда ұйымдастыру көзделген. Сонымен қатар, балаларды базалық жүзу дағдыларына үйрету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру бойынша жергілікті жерлерде спорттық, сауықтыру, мәдени бейіндегі мемлекеттік, коммуналдық, коммерциялық емес, жекеменшік ұйымдарды тарта отырып, жүзеге асыру да жоспарлануда,-дейді басқарма маманы Сұлушаш Сапарбаева.
P.S. Әрине, мәселе бар. Суда жүзу спорты барлық мектептерде жүргізілмейінше су спортынан аз уақытта жетістікке жете алмайтынымыз белгілі. Билік алдағы жылдарда балалардың суда жүзу спортына мән беруді қолға алмақ. Уақыт өте келе, бұл мәселе де шешімін табар деген сенім бар. Бұл бір мәселе. Елімізде әлі күнге дейін спортзалдары жоқ мектептер де бар. Демек, жақын күнде бұл мәселелерді шешпей дені сау салауатты ұрпақты толыққанды қалыптастыру мүмкін емес.
Абай ТАҒЫБЕРГЕН