Рухани Жаңғыру
Бізге 200 жыл!
Сыр - Алаштың анасы
Туған күніңмен, Қызылорда!
Сыр елім - Жыр елім Қызылорда
Сыр сұлуы - Қызылордам

Сан түрлі ойыншық көз арбап...

Нарықта тұтынушы деген ұғым бар. Қандай да бір затты не тауарды сатып аларда оның сапасы мен құрамына мән беру керек. Алайда, күнделікті өмірде киер киім, ішер асымызға жете мән бермейтініміз жасырын емес. Салдарынан өмірімізге қауіп әкелетін мысалдар жетерлік айналамызда. Дүкен ішінде, ірі супермаркеттерде заттардың сапасы мен шығарылған күніне қарайтындардың қатары сирек. Бірақ, жоқ емес. Әсіресе, орыс ағайындардың азық-түліктің мерзіміне қайта-қайта қарап, сезіктенетінін жиі көріп жүрген боларсыз. Ал, біздер үшін заттың құрамы мен сапасын тексеру ұят секілді көрінеді. Мұны тым қатты майдалану деп түсініп жүргендер де бар өз арамызда. Бұл - қалыптасқан қағида.

Хош. Осыдан бірнеше ай бұрын ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов сырттан елге келетін ойыншықтардың 36 пайызынан астамы бала өміріне қауіпті деген ақпаратты жеткізіпті. Жағдайдың 4,7%-ында токсикологиялық көрсеткіштерінің болмауы, оның ішінде заттаңбада жас ерекшелікті шектеу көрсеткіштерінің болмауы, материал құрамының, шығарылған елдің көрсетілмеуі 95,3 пайызын құрапты. Бірақ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулықты сақтау комитеті төрағасының орынбасары Б.Шәріп "былтырғы жылмен салыстырғанда қауіпсіз емес және сапасыз ойыншықтардың саны тек 0,4 пайызға азайған" дейді.

Еуразия нарығына дендеп енген мұндай ойыншықтардың зия­нын анықтаған жауапты мамандардың сөзінен кейін Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев дереу шет елден келетін ойыншықтардың сапасы мен құрамын тексеруді тапсырған-ды. Демек, бұл сатылымда самсап тұрған сырт елдің жылтыраған ойыншықтарының бәрі бірдей сапалы деген сөз емес. Бала өмірі мен ата-ана таңдауына тіреліп тұрған ойыншық сапасына біз де зерттеу жүргіздік.

Алдымен "ойыншық таңдауда нені ескеру керек?", "бала денсаулығына кері әсерін бермейтін ойыншықтарды қайдан алған дұрыс?" деген сұрақтарға жауап ізделік.

Мамандардың сөзін есепке алсақ, дүкен не базар сөрелерінде тұрған тауардың таңбасына, кәсіпорын атауына, тауар белгісіне, тауардың шыққан елі көрсетілген мәліметтерге мән беру керек. Ойыншықтардың қорғаныш жабындысы ылғалды өңдеуге, сілекей мен терінің әсеріне тұрақты болуы тиіс. Мұнан кейін иісіне және тауардың пішініне назар аудару қажет. Ойыншықтардың ұштары, қатты бөлшектері, серіппелері, бекітуші бөлшектері балаға қауіп төндірмеуі керек. Қандай да бір күдікті байқасаңыз, ойыншықты сатып алғаннан кейін бірден балаға бермей, сараптама орталығына апару қажет. Мұнда мамандар өнімнің санитарлық, токсикологиялық, химиялық құрамын анықтайды. Бірақ, біз айтқан бұл талаптың бәрі де орындалып жатқан жоқ. Себебі дүкенге ата-ана баласын ерте барады. Мультфильм әлемінің жұлдыздарын көргенде баланың есі шыға кетеді. Түрлі-түсті әртүрлі пішіндегі сөйлейтін, билейтін, өздігінен жүретін сырт елдің ойыншықтарына бала түгілі ересек адамның өзі қызыға кетеді. Бұл - маркетингке жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың қадамы. Осылайша, ойын баласының көңілінен шыққан ойыншықтар сөзсіз сатылып кете береді. Кәсіпкердің қалтасы қалың, ата-ананың құлағы тыныш, ең бастысы бала риза. Бірақ, түрлі БАҚ бетінде, әлеуметтік желіде ойыншықтардың зардабын тартып, мүгедек болып қалған балалар жайлы мәліметтер де ойлантпай қоймайды.

Жауапты сала мамандарына арнайы хат жазып, бүгінге дейінгі ахуалды білмек болдық. Ойыншықтардың қайдан келетіні, қандай өнімдердің сапасына күмәнмен қарау қажеттігін сұрадық. Бұл жайында сәл кейінірек. Негізінде Кедендік одақтың техникалық регламенті бойынша балалар ойыншықтары міндетті сәйкестікті растауға жатады. Сондықтан да, балалар ойын­шықтары Кеден одағына мүше мемлекеттердің нарығында тауар айналымының бірыңғай белгісімен таңбалануы керек. Бұл ұлттық сараптаманың ата-аналарға айтар жауабы. Ал, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Қоғамдық бақылау департаменті жыл сайын тексеру қорытындыларын жүргізеді.

Қазақстанның тұтынушылық нарығында балалар ойындары мен ойыншықтарының басым бөлігі Қытайда (65%), Ресейде, Беларусь Республикасында, Өзбекстанда, Қырғызстанда және Украинада (23%) жасалған және 12% ойыншықтың шығарылған елдері белгісіз екені расталған. Осы елдердің ішінде сәйкес емес көрсеткіштер бойынша сегментті елдердің көшін Қытай, Түркия, Украина елдері бастап тұр.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Қоғамдық бақылау департаментінің маманы Нұртуған Ерубаев сапасыз ойыншықтардың нарыққа шығуының бірден бір себебі "ойыншықтардың елімізге шағын топтамалармен, қол жүгімен бақылаусыз әкелуінен" дейді. Маман қауіпті деп танылған ойыншықтарға мысалдар да келтіре кетті.

Мәселен, Қытай өнеркәсібінен шыққан "Карапуз" көпфункциялы қуыршағы мен "ЛАВА" ойыншығы, Ресейдің "АЭЛИТА" пластмасса өңдеу зауыты шығарған "Весенняя прогулка" жинағы, "Огонек" зауыты шығарған "Лягу­шка с лягушками" пластмасса ойыншығы мен Беларусь республикасынан тарайтын "Циферка" ойыншығын сатып алу қауіпті. Се­бебі ойыншықтардың құрамында рұқсат етілген көлемнен тыс формальдегид, фенол және стирол концетрациялары бар қауіпті токсикологиялық көрсеткіштер анықталған. Қазірде аталған ойыншықтар сатылымнан алынып тасталыпты.

- Камералдық бақылаудың қорытындысы бойынша 43 эко­номикалық қызметке қатысушылар анықталды, олармен 49 мың­нан астам тауарлық позициялар не­месе 5,2 тонна ойыншықтар әкелінді, оның ішінде 146 тауарлық позицияларға ғана сәйкестікті растайтын құжат тіркелген,-дейді Нұртуған Жақанұлы.

Ішкі нарыққа еніп жатқан заң­сыз ойыншықтарды сатылымға шығармас үшін құзырлы орган кеден бекетіндегі ойыншықтар алдын ала сертификаттаудан кейін ғана өткізілетініне сендіріп отыр. Бірақ, саудада тамыр-таныстық болатыны, бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол беретіні ресми расталмай-ақ белгілі.

Ал, аймақтағы ахуалға талдау жа­сайтын өңірдегі орталықтардың мәліметі де көпті ойлантады. Қызылорда облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің директоры Ұлболсын Аханаеваның айтуынша, өнімдердің қауіпсіздігін мониторингілеу шеңберінде 168 сауда орындарынан өнімдердің 2226 сынамасы сатып алынған. Осы 2226 сынаманың 86 пайызы (1915) тағам өнімдері, 47 сынама балаларға арналған өнімдер, оның ішінде балаларға арналған ойыншықтардан 39 сынама алынған. Осы өнімдер ішінде 48 сынама сәйкес келмеген. Ішінде балалар ойыншықтары да бар.

- 2017 жылы балаларға арнал­ған ойыншықтардың 39 сынамасына санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізіліп, оның 7-уі (18,0%) "Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы" 008/2011 техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келмеді, яғни өндірушінің, импортердің мекен-жайы және атауы, өндірушінің тауар белгісі, өнімнің өндірілген күні туралы ақпарат жоқ. Сәйкессіздік анықталған ойыншықтардың барлығы 3 жастан асқан балаларға арналған Қытай Халық республикасының өнімдері дейді,- Ұ.Аханаева.

Өнім ретіндегі талаптары сақталмаған 7 ойыншықтың ішінде "Маша", "Кот и Том", "Monster Elves", "Beauty Cuties" ойыншықтары бар. Балалардың бәрі жатқа білетін біз тізбектеген ойыншықтардың шыққан күні, мекен-жайы көрсетілмеген. Яғни, ата-ана алған ойыншығының сапасына қатысты пікір білдіре алмайды. Себебі ойын­шықтың қайда өндірілгені, қандай фирма жасағаны туралы ақпарат жоқ. Ал, құрастырғыш "Block", "Blocks toys" ойыншықтарының техникалық таңбалау құжаттары ағылшын тілінде жазылған.

Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің маманы Сабира Ибадуллаеваның мәліметінше, өнімнің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу шеңберінде сатып алынған 39 балаларға арналған ойыншық өнімдерінің 2,5%-ы отандық өнім­дердің, 85,6%-ы Еурзиялық экономикалық одаққа мүше елдердің өнімдері және 33,3% өзге елдердің үлесінде екен.

- Заңға қайшы, талаптарды сақтамаған жеке кәсіпкерлерге 3 нұсқама беріліп, орындалуын тексеру бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесімен ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 462-бабының 3-тармағына сәйкес материал әкімшілік сотқа жолданды. Сот шешімімен сәйкессіздік анықталған ойыншықтар дүкенінің иесіне 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды,- дейді маман.

Біз де жексенбіде базар базарлап, дүкен жағаладық. Базар ішін­де­гі ойыншық дүкендеріне кіре қалсаңыз, мұрныңызға ойыншықтың иісі қатты сезіледі. Әсіресе, пластмассадан жасалған балалар ойын­шықтары қолқаны қабатын­дай. Тұтынушы ретінде бірнеше ойыншықтарды қолға алып, са­рапшы-мамандар айтқан талапты еске түсіріп қарауға кірістік. Байқағанымыз, "Трансформер" робот ойыншықтарының қайдан шығарылғаны турасында ақпаратты көре алмадық. Қытайша бірнеше сөйлеммен жазылған бұл ойыншықтарды бірқатар дүкендерден байқадық. Сатушыдан сертификатын сұ­рай бергеніміз сол еді, мүмкін бі­рін­ші рет сұрап тұрғасын тосырқады ма, ұзақ ойланып сертификаты жоқ деп бір-ақ қайырды. Сатушының бұлай ойланып жауап беруі біздегі тұтынушының өнімге, яғни балалар ойыншығына бей-жай қарайтындығын аңғартады. Ал, кәсіпкерге саудасының қызғаны олжа.

Тағы да бір дүкенге бас сұқтық. Өз есімін атамауды өтінген сауда­гер ойыншықтардың көршілес Ресей, Белорусь, Қытайдан келетінін ашып айтты. Көбінесе балалар "Angry birds", "Baby Born", "Chou-Chou", "Монстер Хай", "Винкс" ойыншықтарына қызығады. Тиісінше, нарықтағы өтімді ойын­шықтар да осылар. Ал, ойыншық­тар әлемінің ханшайымы атанып кеткен "Маша" қуыршағы сұраныстан түскен емес дейді. Саудагер "халықтың сұрағанын алып береміз, ал тұтынушы ешқандай қағаз құжаттар талап етпейді" дегенді білдіріп отыр. Мұнысына келіспеуге болмас. Бір сағаттай аялдаған біз де ойыншық дүкеніне кірген халықтың ойыншықтың сапасына емес, бағасына қарайтынын анық байқадық.

Жайма базарда да ойыншықтар аз емес. Бірнешеуіне табан тіреп, сертификат сұрауды жалғастыр­дық. Бірі негізінде бар десе, бірі "ол немене?" деп өзімізге қарсы сұрақ қойып қалды. Қысқасы, талап пен сапа бір-бірімен үйлеспейді.

Сатушылардың сөзіне сенсек, тауарлар Алматы, Шымкенттен келеді. Ал, ұзақ жылдан бері ойыншық сатумен айналысатын ірі дүкендер талапқа сай келмейтін ойыншықтарды алдыртпайтынын айтады. Әрбір өнімнің сертификаты, құжатымен қоса беретін мұндай дүкендердің ойыншықтары ба­зардағы бағадан әлдеқайда қымбатқа түседі. Себебі де түсінікті шығар.

Негізінде нарық айналымында жүрген ойыншықтардың жартысы­нан көбі Қытайда жасалады. Кейбір дереккөздерде ойыншық құрастырудың жолын таба білген аспанасты елінде 8000-нан аса компания жұмыс істейді екен. Олар жылына ойыншықтың 30 мың түрін шығара алады. Енді ойлана беріңіз, ерте тұратын елдің ойыншықтары күллі әлемге, оның ішінде біздің сауда нүктелерінің төрінде самсап тұр. Тіпті сапасын бақылау мүмкін емес.

Айтып айтпай не керек, ойын­шықты аларда ойланар дүние көп. Сөз соңында мамандардың ескертпесін еске сала кеткенді жөн көрдік. Сонымен базарға не дүкенге жолыңыз түсіп, балаңызға ойыншық аларда құрамында пропеллері бар ойыншықтар, үрлемелі дөңгелек, батареялы ойыншықтар, ойыншық қарулар, конструкторлар, әуе шарлары мен спиннерлерді алуға асықпаңыз. Бұл ойын баласының денсаулығына кері әсерін беруі мүмкін.

Түйін. Қарапайым ата-ана ойын­шықтың сапалы не сапасыз екенін бірден айыра алмайды. Бірақ, қолға ұстағанда, иісі аңқып тұратын Қытайдың ойыншықтарына көп алдана бермеген абзал. Қалтаңыз көтерсе, қымбатына жүгіріңіз. Бір белгілісі, елімізде әлі де ойыншықтың сапасы мен арнайы сату нүктелерін анықтап беретін бірыңғай базалық дерек жоқ. Ал, отандық ойыншықтардың бағасы көп халықтың қалтасын көтермейді. Бұл дегеніңіз біздің елде ойыншық индустриясының әлі де жолға қойылмағандығын аңғартады.


                                                                                                                    А.ТАҒЫБЕРГЕН

08 қазан 2018 ж. 1 754 0

Күнтізбе

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Сауалнама

Сайттың жұмысын қалай бағалайсыз?