ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕР
Қызылорда қаласының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімімен жер қатынастары саласындағы 10 мемлекеттік қызмет түрі бойынша 2025 жылы барлығы 3220 қызмет көрсетілді. Оның ішінде «Электронды үкіметтің» веб-порталы арқылы 2574, қызмет көрсетушінің кеңсесі арқылы 646 қызмет көрсетіліп, электрондық қызмет көрсету үлесі
80 % құрады.
Қазіргі таңда жер қатынастары саласын цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Р.В.Склярдың бекітуімен қабылданған 2025-2029 жылдарға арналған «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесін (БМЖМК АЖ) дамыту жөніндегі Жол картасы аясында 2026 жылы «Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру», «Жер учаскесінің жалға алу мерзімін ұзарту», «Жер учаскесін жеке меншікке ақысын бірден төлеп не бөліп төлеу арқылы сату" мемлекеттік қызметтері БМЖМК автоматтандырылған жұмыс орнында іске қосылды.
Яғни, жер қатынастары саласын цифрландыру аясында мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру қарқынды жүргізілуде, бұл қызмет көрсету мерзімін қысқартуға, ашықтық пен айқындықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Көрсетілетін қызмет түрлерінің арасында «Жер учаскелерін қалыптастыру жөнінде жерге орналастыру жобаларын бекіту», «Жер учаскесінің жалдау мерзімін ұзарту» қызметтерінің үлесі жоғары.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы №301 бұйрығымен бекітілген «Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету жөніндегі Қағидаларында» қызметті берушінің атауы, ұсынылатын құжаттар тізбелері, қызмет көрсету нысандары мен мерзімдері толық көрсетілген.






