ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНДА МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМДАРДЫ ҚОЛДАУ БАҒЫТЫНДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР
Қызылорда қаласында қазіргі таңда 11 мыңнан астам мүгедектігі бар адамдар бар.
Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту мен қоғамдық өмірге бейімдеу бағытында Қызылорда қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі бойынша 2023 жылдың І-жартысында келесі жұмыстар атқарылды;
«Әлеуметтік қызметтер» порталы арқылы бөлімге арнаулы әлеуметтік көмектер мен техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен қамтамасыз етуге 10 642 адамнан өтінім түсіп, 8 731 өтінім орындалды (82,1 %).
Жыл басынан бері бөлім тарапынан оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар 1057 адамның жеке көмекшілеріне әлеуметтік төлемдер төленіп, 184 естуі мен сөйлеу қабілеті бұзылған мүгедектігі бар адамға кәсіби сурдоаударма жасау бойынша 17 ымдау тілі мамандарының қызметтерін ұсыну жүзеге асырылды.
Сонымен қатар ата-аналарының өтініштері бойынша дәрігерлік-консультациялық кеңес негізінде үйден тәрбиеленіп, оқытылатын 536 мүгедектігі бар балаларға материалдық көмек көрсетілді.
2021-2025 жылдарға арналған Жол картасы аясында мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында бес жылға арналған жоспарға сәйкес 178 мекемелер мен кәсіпорындардың тізімі бекітілген.
Осыған сәйкес, ағымдағы жылға 35 нысанды бейімдеу жоспарланып
(24 мемлекеттік, 15 жеке), бүгінгі күнге оның 21-і стандартқа сәйкестендірілді және Қазақстан Республикасының «Интерактивті қолжетімдік картасына» енгізілді. Қала бойынша бейімдеуге жоспарланған әлеуметтік және көлік инфрақұрылым нысандарын 2023 жыл аяғына дейін толық орындау жоспарланған.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында мүгедектігі бар адамдар қатарынан 33 адам тұрақты жұмысқа тұрса, арнайы жұмыс орындарына - 6, қоғамдық жұмысқа тартылғаны - 359, жастар тәжірибесіне – 4 адам жолданған, әлеуметтік жұмыс орындарына - 1, алғашқы жұмыс орындарына - 1, «Бастау бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне 270 адам оқытылып, оның ішінде 22-і мемлекеттік грант алды.
Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту мақсатында мекемелердегі жұмыскерлердің тізімдік санына қарай 2-ден 4 пайызға дейінгі мөлшерде 10 мекемеге 29 жұмыс орнына квота бекітіліп, алты айда 8 мекемеге
19 азамат жұмысқа орналасты, қалғаны жыл соңына дейін орындалатын болады.
Бөлімге қарасты мүгедектігі бар балаларға үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі арқылы 210 мүгедектігі бар балаға
24 әлеуметтік жұмыскер жыл бойына бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес 8 түрлі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуде.Осы балалар үшін олардың
ата-аналарының қатысуымен әдістемелік семинар-тренингтер мен мәдени шаралар тұрақты түрде өткізілуде.
Сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында психоневрологиялық ауытқуы және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды оңалту және тәрбиелеу бағытында 35 мүгедектігі бар балаға күндізгі стационар жағдайында және 20 балаға үйде қызмет көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілуде.
Мүгедектігі бар адамдарды қолдаудың қосымша шарасы ретінде қалада «Инватакси» қызметі барлығы 13 автокөлікпен көрсетілуде, оның 4-і арнайы гидравликалық көтергішпен жабдықталған автокөліктер.
Бөліммен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында мүгедектігі бар адамдар арнайы компьютерлік орталықта оқыту негізінде Е-Gov арқылы әлеуметтік қызметтер алу, электронды-цифрлық қолтаңба алу, өтінімдер ресімдеу, оңалту құралдарына тапсырыстар беру, «Әлеумет» порталында есеп нысандарын толтыру қызметтерін алуды үйреніп, компьютерлік оқу курстарында оқытылуда.
Сонымен қатар, «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты «Amanat» партиясының 2025 жылға дейінгі жол картасы аясында Қызылорда қаласында «Ten Qogam» мүгедектігі бар адамдарды қолдау орталығы жұмыс жасауда. Орталық мүгедектігі бар адамдармен жұмыс жасайтын қоғамдық бірлестіктермен бірлесе отырып, мүгедектігі бар азаматтардың қоғамға бейімделуіне жәрдемдесіп, психологиялық, әлеуметтік-құқықтық көмектер ұсынып, бекітілген жоспар аясында мәдени шаралар мен семинар-тренингтерді тұрақты түрде өткізуде.
Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.