АЗАПТАУ ДЕРЕКТЕРІН БОЛДЫРМАУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ
Қазақстан Республикасы Конституциясының 17-бабына сәйкес, адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайтыны, ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға тыйым салынатыны айқындалған.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында еліміз азаптауларға нөлдік төзімділік қағидатын ұстанатындығын атап көрсетіп, адамның қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін әрекеттерді болдырмау бағытында кешенді шаралар қолдануды тапсырған.
Дегенмен азаптаулар адамның конституциялық құқықтарының елеулі бұзылуына әкеп соқтыратын әрекет ретінде танылса, олардың алдын алу және болдырмау құқық қорғау органдарының басты міндеті болып табылады.
Қалалық прокуратурамен үйлестіруші орган ретінде бұл бағытта кешенді жұмыстар атқарылып, азаптауларды болдырмау бағытында Қызылорда қаласы полиция басқармасының бейнебақылау жүйесі ұдайы тексерілуде.
Сонымен қатар полиция ғимараттарында тексеру жүргізіліп, нәтижесімен бейнебақылаумен қамтылмаған «соқыр аймақтарды» жою жөніндегі ұсыныстар жолданған.
Өз кезегінде адамдардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының тиімді қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында кезекші прокурордың сенім телефоны құрылып (+7-705-547-24-27, +7-7242-24-76-95), тәулік бойы қоңыраулар қабылдануда.
Сіздің құқықтарыңызды қорғау қалалық прокуратураның басты жұмыс бағыты екендігін ескеріп, туындаған мәселелер бойынша кез келген уақытта кезекші прокурордың сенім телефонына хабарласуыңызға шақырамыз!
Қызылорда қаласының прокуратурасы