Б.ӨСЕРБАЕВ КӨШЕСІНДЕГІ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ
Б.Өсербаев көшесіндегі құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі Қызылорда қаласының әкімі А.Шаменовтың тұрғындармен кездесу барысында берілген тапсырмаларына сәйкес іс-шаралар жоспары бекітілген болатын.
Аталған іс-шаралар жоспарына сәйкес, Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, Қызылорда қалалық полиция басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен Б.Өсербаев көшесінің аумағында орналасқан дүкендер мен жалға беруші пәтер иелеріне Салық кодексінің талаптары түсіндіріліп, тиісті жадынамалар таратылды.
Сондай-ақ, кемшіліктер орын алған жағдайда заңға сәйкес шара көрілетіндігі ескертілді. Атап айтқанда: жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі, жалдамалы жұмысшы ретінде келісім шарттарының болуы, алкоголь өнімдерін сатуға лицензиясының болуы, бақылау-касса машинасының болуы, тұтынушыға чек беруі, салық декларациясын уақытылы, әрі айналым сомасын шынайы көрсетуі қажет.
Бұдан бөлек, қазіргі таңда Б.Өсербаев көшесіндегі тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында көше бойына «Стационарлық полиция бекеті» орнатылды. Бекет тәулік бойы қала тұрғындарының тыныштығын күзетуде. Стационарлық бекетте үш ауысыммен екі қызметкерден кезекшілікке түсіп, тәртіпті қадағалайды. Стационарлық бекет заманауи техникамен жабдықталған, полиция қызметкерлері радиостанциялармен және планшеттермен қамтамасыз етілген. Бұл квадратта бүгінгі таңда 4 камера жұмыс атқаруда, алдағы уақытта қосымша 74 камера іске қосылмақ.